Елбасы рельс зауытына барды

Жаңалықтар
03.04.2015, 14:34

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Ақтөбе рельсті арқалық зауытын аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті зауыттың жұмысымен танысты, сондай-ақ еңбек ұжымы мүшелерімен әңгімелесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының даму қарқыны жалпы еліміздің жүйелі аяқ алысына сай екенін атап өтті.

- Өңірдің дамуына соңғы жылдары 500 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды, 500 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, бес мектеп, 2 балабақша салынды. Сәбилердің 90 пайызының балабақшаларға баруы өте маңызды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жолдар, әуежайлар салынатын болады. Бүкіл қазақстандықтар жұмыспен қамтылады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы ірі әрі бірегей кәсіпорын облыс экономикасын нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.

- Зауыт индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының озық жобаларының бірі саналады. Ол «Сименс» компаниясының заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Құрылыс кезінде 1000 адам жұмыс істеді, енді 760 адам жұмысқа орналасады. Әр адамға шаққандағы өнімділік 80 мың долларды құрайды. Бұл - біздің еліміз үшін жоғары өнімділік. Мұндай кәсіпорын Қазақстанда бұрын болмаған, оның шығаратын өнімі де жаңа. Бұрын біз рельсті сырттан сатып алатынбыз, енді ішкі нарықтың сұранысын өтеп қана қоймай, экспортқа да шығара аламыз. Сонымен қатар, мұнда құрылысқа қажетті нәрселердің бәрі өндірілетін болады, - деді Мемлекет басшысы.

  Соңында Нұрсұлтан Назарбаев зауыт құрылысына атсалысқан барлық мамандарға алғыс айтып, жұмыстың тезірек басталуын және бұдан әрі де табысты болуын тіледі.

Зауыт аумағында 3 негізгі және 17 қосалқы цех орналасқан. Кәсіпорын жылына 200 мың тонна көлемінде теміржол рельстерін, 230 мың тонна басқа да сұрыптық өнімдер (швеллер, арқалықтар, қырлы бұрыш темірлер, арнаулы профильдер) шығарады деп жоспарлануда.

Зауытты іске қосу арқылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның рельсті өнімдерге деген сұранысын қамтамасыз ету, сондай-ақ таяу және алыс шетелдерге экспорттау көзделген.

Айта кетейік, «Ақтөбе рельсті арқалық зауыты» ЖШС Ақтөбе қаласында рельсті арқалық зауыты құрылысының инвестициялық жобасын іске асыруда.  Зауыт аумағы 57 гектарды құрайды. Ауданы 39 мың шаршы метр жерде орналасқан, онда 3 негізгі және 17 қосалқы цехі бар.

Кәсіпорын жылына 200 мың тонна көлеміндегі теміржол рельстерін, 230 мың тонна басқа да жабдықтарды (швеллерлер, арқалықтар, бұрыштар, арнайы профиль) шығарады.

 

Сұхбат

PhotoRoom