Алдын ала келісім Тегеранның ядролық бағдарламасына шектеу қояды

Сараптама
07.04.2015, 09:15

Соңғы жылдары Батыс пен АҚШ-тың санкцияларынан экономикасы мүшкіл тартқан Иран халқы кешелі бері бөріктерін аспанға атып жатыр. Осы аптаның жиһандағы басты жаңалығы – Иранмен бастары піспей келген АҚШ, Ресей, Қытай, Британия, Франция және Германия Швейцарияда Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты Ислам Республикасымен келісімге қол жеткізгендей болды.

Алдын ала келісім Тегеранның ядролық бағдарламасына шектеу қояды. АҚШ, Еуропа одағы және БҰҰ болса, Иранға салған санкцияларын алып тастайды. Жадыңызда шығар, былтыр Президент жанындағы ҚСЗИ 2015 жылы Орталық Азияның саяси және экономикалық өміріне әсер ететін маңызды 10 оқиғаны атап көрсеткен. Болжамдарын «Saigez» сайтында жариялап басты.

Сонда Е.Қарин басқаратын ұжым былай деген еді. «2015 жыл Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің шешуші кезеңі болуы мүмкін. Аймақтық қауіпсіздік және толыққанды мемлекетаралық инфрақұрылымды жобаларды жүзеге асырудың бәрі осы келіссөздерге байланысты болмақ.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер оң шешімін тауып, санкциялар алынып тасталса, Орталық Азияның сауда-экономикалық, көліктік-транзиттік әлеуеті арта түспек». Болжамдары дөп келгендей болды.

Иран мен Батыс арасындағы тайталас осыдан 12 жыл бұрын басталды. Ал, ядролық келіссөздер бірде тоқтап, бірде қайта жалғасып, 18 айға созылды. Сол дипломатиялық марафон  сәуірдің 2-де шартты болса да, әйтеуір келісіммен аяқталды.

Келіссөздер  үстелінің бір жағында – Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Джавад Зариф бастаған  делегация, екінші жағында – АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және Германия сыртқы істер министрлері.

Тараптар  ортақ мәмілеге келе алмай наурыздың соңғы күндері тіпті түні бойы көз ілмей,  даулы мәселелерді талқылады. Келіссөздердің негізгі мақсаты – Тегеран өзінің ядролық бағдарламасының ауқымын қысқартуға келіссе, оны халықаралық санкциялардан босату.

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі мәлімдегендей, Лозаннада қабылданған құжат болашақта қорытынды құжатқа негіз бола алады.

Федерика Могерини, Еуропа одағының сыртқы саясат комиссары:

Бүгін біз шешуді қадам жасадық.  Айтпағым, бірлескен кешенді әрекет жоспарының негізгі параметрлері бойынша мәмілеге келіп отырмыз. Саяси көрегенділік пен ізгі ниет және қажырлы еңбектің арқасында осы келісімге қол жеткіздік.

Келіссөздерден кейін америкалық делегация шартты келісімнің негізгі тұстары жайындағы анықтаманы жариялады. Оған жүгінсек, Иран уран өңдейтін 19 мың центрифугасын алдағы 10 жылда 6 мыңға дейін қысқартады.

Екіншіден, оның барлық ядролық нысандарын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік тексеріп отыруы керек. Үшіншіден, Арак қаласындағы ядролық реактор қару плутонийін шығармауы үшін ауыр сумен жұмыс істеуге көшеді.

Егер бұл талаптар орындалатын болса, АҚШ пен Еуропа одағы Ислам Республикасын бірте-бірте санкциялардан босатуға тиіс.

Дегенмен, Иран Лозаннадағы 8 күндік жиыннан кейін өзінің ядролық бағдарламасынан мүлде айрылды деуге келмейді. Ол атомды бейбіт мақсатта, яғни, уранды бомба жасауға жеткіліксіз деңгейде өңдеуге әлі де құқылы.

Джавад Зариф, Иран сыртқы істер министрі:

Иран өзінің бейбіт ядролық бағдарламасын әрі қарай жалғастыра алады. Әрине, уран өңдеу деңгейіне шектеу қойылып отыр. Бірақ, центрифугалардың көмегімен бұл саладағы зерттеулерді және дамуды  тоқтатпақ емеспіз.

Тегеран атом технологиясын медициналық  және энергетикалық мақсатқа қолданатындығын бұған дейін де мәлімдеп келді. Сол сөзге «алтылық» осы жолы сенгендей.

Тегеран жұрты болса, мұны үлкен жеңіске теңеп, министр Зарифты Батысқа есе жібермеген ұлт батыры ретінде қарсы алды. Ал, президент Хасан Роуханидің мәлімдеуінше, оның елі «алтылықпен» жасалған келісімнің барлық шарттарын қарсы жақ бұзып жатса да орындауға әзір.

Бірақ, Роуханидің өзге бір ескертуіне қарағанда, әлем алпауыттары уәдеден таятын болса, Иранда басқаша  әрекет етуге мүмкіндік бар.

Хасан Роухани, Иран президенті:

Екіжүзді емеспіз. Әлем жұрты білсін, біз ешкімді алдайын деп отырған жоқпыз.  Біреулер ойлайды, Иран не супералпауыттармен күреседі, не жеңіледі деп. Ешқайсы емес.

Біз үшінші жолды – дүниежүзімен ынтымақтасуды таңдадық. Ал, келісімнен тайқып, өзге жаққа бұрылатындар болса, Иран да өзгеше әрекет етуге әзір.

Ал, АҚШ президенті Лозаннадан жеткен жаңалықты Иранмен арадағы «тарихи түсіністікке» балады. Және де Барак Обама Тегеранмен ядролық мәселе бойынша шілдеге дейін қорытынды келісім жасалатындығына еш күмән келтіріп отырған жоқ.

Израиль премьер-министрі болса, маусымның 30-на дейін  қол қойылуы мүмкін құжатқа «Иран еврей мемлекетін мойындасын» деген  талап  қосылсын деп есептейді.

Себебі, Биньямин Нетаньяхудың ойынша, Ислам Республикасының бейбіт атомы күндердің күнінде әскери атомға айналып, Таяу Шығысқа үлкен қауіп төндіруі ғажап емес.

Бірақ, Тегеран Швейцариядағы жиынға дейін де уран тәрізді материалдан ядролық қару жасаймыз, деп ешқашан, ешкімді қорқытқан емес.

 

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ, Арыстан РЫСБЕК

Apta.kz

Сұхбат

PhotoRoom