Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Басқарма төрағасы Ибулла Сердиевпен кездесті.
Жиын барысында өңір басшысы соңғы жылдары облыс елді мекендерін газбен қамту жұмыстары қарқын алғандығын мәлімдеді. Тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамту бағытында газ таратушы мекемемен бірлесе жұмыс атқаратын айтып, елді мекендерде газ құбырына қосылу құнында үлкен алшақтық бар екендігіне тоқталды.
Мұндай қызметтің ақысы аудан, қалаларда 90 мың теңгеден бастап 200 мың теңгеге дейін жететініне назар аударып, баға айырмашылығына қатысты мәселе туындап отырғанын жеткізді. Осыған байланысты газ құбырына қосылудың бірыңғай құнын белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ, кездесу кезінде газ бағасын төмендету және тарифтік саясат жайы да сөз болды.
Жиында Бәйдібек, Созақ аудандары тұрғындарын газбен жабдықтау мақсатындағы №18 «Шалдар» автоматты газ тарату стансасының құрылысын бекітілген кестеге сай жүргізу пысықталып, газ құбырына қосылу құнын төмендету бойынша ортақ келісімге келді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі