Елбасының жастарға айтқандары

Тұлға
10.04.2015, 13:49

Астанада өтiп жатқан «Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!» жастар форумына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жастармен кездесті. Жастар форумына еліміздің барлық өңірінен 2000-нан астам адам жиналды. Олардың қатарында «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, мәслихаттардағы жас депутаттар, кәсіпкерлер, ғалымдар, белгілі спортшылар және ірі жастар ұйымдарының көшбасшылары бар.

Қазақстандықтардың өмiр сүру сапасының деңгейi бойынша

«Бүгiнгi күнi Қазақстан көптеген параметрлер бойынша әлемдегi дамыған 30 мемлекеттiң тізіміне кiредi. Бұған бiз қысқа уақытта қол жеткiздiк, 20 жыл тарих үшiн қас қағым сәт. Экономиканың даму қарқыны, бiрқатар өнеркәсiптiк өндiрiс, ауыл шаруашылығы, бiлiм, денсаулық сақтау және басқа да факторлар бойынша осы елдердiң қатарындамыз деп айтуға болады», - дейдi Елбасы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, ендi бiз қазақстандықтардың өмiр сүру сапасының деңгейi бойынша әлемнiң жетекшi экономикаларына ұмтылуымыз қажет. Бұл үшiн жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмнiң көлемi дамыған елдердегi деңгейден екi есе артық болуы тиiс.

«Бүгiнгi күнi әрбiр тұрғынға шаққанда 13 мың доллар өнiм өндiремiз, бұл орта дамыған елдiң деңгейi. Мысалы, Сингапурда бұл көрсеткiш жан басына шаққанда 80 мың доллар, Еуропаның өзге елдерiнде 60 мың доллар. Бұл ең басты көрсеткiш емес, әрине, бiрақ бiз бұл меженi бағындыруымыз керек», - деп қадап айтты Н.Назарбаев.

«Қазақтың жерін мәңгілік ету – бабалардың арманы»

«Еліміздің мәңгілік темірқазығы болатын идея терең тарихтан бастап алып, бүгінгі күннің мұраттарына сай келуі тиіс еді. Неше ғасыр өтсе де ескірмейтін, мәңгілік болашақпен сабақтасатын идея болуы қажет еді. Кезінде бабаларымыздың мың жылға жететін ұрпаққа өсиетімізді тасқа таңбаладық дегенді «Орхон-Енисей» ескерткіштерінен білесіздер. Сол өсиеттердің бірі – Тоныкөк абыз айтқан түрік жұртының мұраты «Мәңгілік ел» деген сөз. Біз оны ойлап тапқанымыз жоқ, ата-бабамыздың түпкі ойы сол болатын. Қазақтың жерін мәңгілік ету. Осынау бір ғана сөйлемге барлығы сыйып тұрған жоқ па? Бабалардың арманы бүгінгі еліміз бен болашақ ұрпақтың биік мақсаттарын үндестіріп жатыр», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы ата-бабаларымыздың арманынан туындағанын атап өтті.

«Бабаларымыз тасқа басқан өсиеттерін іске асырып, мәңгілік ел болуға бет бұрдық. 2050 жылға дейінгі бағдарламаның мақсаты – 30 өркендеген елдің қатарына қосылу, «Нұрлы жол» бағдарламасы, басқа да шаруаларды сондай мемлекет құру үшін қолға алып жатырмыз. Ұлттық идеяны іске асыруға белсене атсалысатын жас ұрпақтың алғашқы легі – сіздер боласыздар», - деп толықтырды өз ойын ҚР Президенті.

«Ұлы құндылықтарды ұлықтай білу – барлығымыздың да жауапкершілігіміз»

«Биыл – еліміз үшін мерейлді белестер жылы. Бір айдан соң Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. 1 млн 200 мың қазақстандық соғысқа аттанды. Оның жартысынан көбі шейіт болды Отан соғысының майданында. Оны біз естен шығармауыз керек», - деген Н.Назарбаев Ата заңымыздың 20 жылдығы мерейтойының да үлкен белес екендігін тілге тиек етті.

«Конституцияның арқасында ел болып, жұрт болып, басқалармен тереземіз тең болып келе жатыр. Ассамблея арқылы көп ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, көп діндердің басын қосып, еліміздің ішіндегі тыныштықты орнаттық. Сол тыныштықтың арқасында бүгінге жеттік», - деп толықтырды Елбасы өз ойын.

Ұлт көшбасшысы бұл шаралардың ел тарихында орны ерекше екендігін атап өтті.

«Ұлы құндылықтарды ұлықтай білу – әрбір жастың, әрбір президенттің, барлығымыздың да жауапкершілігіміз. Біздің қазақтың тарихы – бірігудің тарихы. Оны әрдайым есте сақтау керек. Патриот болу дегеніміз өзіңнің ұлы даланың ұрпағы екендігіңді мақтан ете білу, жеріңді, отаныңды сүйе білу, еліңнің, жұртыңның жарқын болашағын жасауға бар күшіңді, үлесіңді қосу», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы сөз соңын.

Елбасы жастарды қажырлы еңбек етуге шақырды

«Бiзге күнделiктi қажырлы еңбек ету керек. Шындығына келсек, бүгiнде тынымсыз еңбектену жеткiлiксiз, бұған қоса, тиiмдi жұмыс iстеген жөн. Қазiргi заман ағымы солай. Экономика локомативi жылжыған уақытта табыс та болады, адамдар да жақсы өмiр сүредi. Ал экономика дамуы тоқтаған кезде, бiрден мемлекеттiң алға жылжуы да тоқтайды. Бұрынғы уақытта тиiмсiз мемлекеттер де ұзақ уақыт өмiр сүрсе, бүгiнде бәсекеге дайын емес экономикалар санаулы жылдарда құлдырауы мүмкiн. Өкiнiшке қарай, тарих екi бағаны ғана бiледi – не жеңесiң, не жеңiлесiң», - дедi Мемлекет басшысы.

«Сондықтан мемлекет жастардың дамуына барлық жағдай жасап отыр. Индустрияны дамытып жатырмыз, өйткенi, нарықтық жағдайда мемлекеттiң алдында тұрған басты мәселе жұмыс орындарын құру болып отыр, ал қалғанын адам өзi жасауы тиiс. Жолдарды, электр желiлерiн салып жатырмыз, аграрлық сектор, бiлiм, денсаулық сақтау салаларын дамытып жатырмыз. Ғылымға жол ашық, инновация, ғылымсыз бiз дамыған 30 елдiң қатарына қосыла алмаймыз», - деп атап өттi Елбасы.

Елбасы Қазақстанның ДСҰ-ға енуін шегеріп отырған себептерді түсіндірді

«Әлемде мінсіз, еркін нарықтық экономика іс жүзінде жоқ. Алайда, әр елдің өз мүддесіне сай қолданатын нарықтық реттеуіштері бар. Барлық дамыған мемлекеттер өз өнеркәсіптерін, ауыл шаруашылығы мен бизнесін тікелей дотациялар арқылы қолдап отырады», - деген Н.Назарбаев мұның арқасында шетелдік өнімдерге тосқауыл қойылып отырғанын тілге тиек етті.

«Қазіргі уақытта біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бағытында жұмыс істеп келеміз. Өте күрделі келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мұны әрбір мемлекетпен 10 жыл қатарынан жүргіздік. Олар ауыл шаруашылығына қолдауды төмендетіңіздер дейді. Бізде өнімді қолдау 4%-ға жетпесе, Францияда – 25%, АҚШ және басқа да елдерде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Ал олар бізге төмендету талабын қойып отыр. Қолдау көрсетпеу дегеніміз не? Бұл біздің ауыл шаруашылығымызды бәсекеге қабілетсіз ету», - деп толықтырды Елбасы өз сөзін.

«Бірлігімізді тұмардай сақтай білсек, еліміз үшін алынбайтын ешқандай биік белестер жоқ»

«Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел етіп, тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырып, дүниежүзіне еліміздің бар екенін білдірдік. Қазақтың бар екендігін білдірдік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан мемлекетке айналдырдық. Татулықты тұрақтылықтың және тұрақтылықты дамудың тұғыры ете білдік. Біздің ең негізгі жетістіктеріміздің басы – бірлік болып саналады. Бірлігімізді тұмардай сақтай білсек, еліміз үшін алынбайтын ешқандай биік белестер жоқ», - деген Н.Назарбаев алға қойған мақсаттарға қол жеткізуде әр азамат, әсіресе жастар өзіне жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне білуі қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Денис Тендi жастарға үлгi еттi

«Жақсы оқып, мамандық алып, қоғамда өз орныңды табу өте маңызды. Залда белгiлi мәнерлеп сырғанаушы Денис Тендi көрiп отырмын. Жаңа байқағаным, ол залда жалғыз өзi Туға қарап тұрып, елiмiздiң Әнұранын шырқады. Одан басқа ешкiм мұны жасаған жоқ. Бұл оның бойында жарыстардағы жеңiсiнен кейiн қалыптасқан. Денис егер чемпион үнемi жаттықпаса, келесi Олимпиадаларда жеңiске жетпейтiнiн жақсы бiледi. Өмiрде де солай. Бiз бүгiнде зор жетiстiктерге қол жеткiздiк, бiрақ егер тоқтасақ, соңымызда келе жатқандар бiздi басып озады», - дедi Елбасы.


Әзірлеген: Досжан Мейірбек

Сұхбат

PhotoRoom