Соңғы 11 жылда геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет 3 трлн. теңге жұмсады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев мәлім етті, деп хабарлайды Қазақпарат.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде көмірсутек шикізаты қорына мемлекеттік баланспен 4,8 млрд. тонна қабылданды. «Сонымен қатар, егерде 2003 және 2014 жылдарды салыстырсақ, көмірсутек шикізаты бөлігінде 22 трлн. теңге жұмсалды. Оның ішінде 3 трлн. теңге геологиялық барлау жұмыстарында игерілді», - деді Б. Нұрабаев.
Сонымен бірге, 2015-2019 жылдары пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға, алтын мен мысты іздеу мен барлауға Қазақстан 120 млрд. теңге жұмсамақ.
Сондай-ақ биыл Қазақстанда геологиялық барлауға 12,5 млрд. теңге бағытталады. «2015 жылы геологиялық барлауға 12,5 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 6 млрд. теңге Ұлттық қордан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бағытталады», -деді Б. Нұрабаев. Оның сөзіне қарағанда, бұл қаржының бір млрд. теңгесі «Қазгеологияға» бөлінді. Осы қаражат кенді аймақтарда барлау жұмыстарына жұмсалады.