Екі ел басшысының қатысуымен өткен отырыс барысында түрлі салалардағы екіжақты ықпалдастықты нығайту мәселелері, сондай-ақ «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бағыттары қарастырылды.
Н.Назарбаев Р.Ердоғанның елімізге әр сапары екі елдің қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған елеулі табыстарға толы болып келетінін атап өтті.
– Осы жолғы сапар да қазақ-түрік байланыстарында терең із қалдырғаны даусыз. Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді серіктестерінің бірі болып саналады. Елдеріміздің ортақ тарихқа, тіл мен рухани қазынаға негізделген қарым-қатынасы қызу қарқынымен ерекшеленеді, – деді Мемлекет басшысы.
Отырысқа қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін және оны болашағы бар бағыттар бойынша бірлескен жобалар арқылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған қазақстандықтарды Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойымен құттықтады. «Үш жылдан кейін мен бабаларымыздың жеріне, біздің аталарымыздың отанына Түркия Президенті ретінде сапарлап келдім.
Бұл сапар арқылы ерекше қуанышқа бөленіп отырмын»,- деді Реджеп Тайып Ердоған бүгін Ақордада Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысынан кейінгі бірлескен мәлімдемеде.
Мұнымен қоса Түркия басшысы Қазақстанға сапары ерекше маңызға ие екенін айта келе, осы орайда өз сапарының биыл Қазақ хандығының 550 жылдығымен сабақтасып отырғандығын атап өтті.
«Осы тұрғыда мен бауырлас жақын Қазақстан халқын биылғы мерейтойлы жылмен құттықтағым келеді»,-деді ол.
Реджеп Тайып Ердоған екі ел өзара қатынастарды стратегиялық деңгейге дейін жеткізгенін, ал 2012 жылы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі тағайындалып, бұл өз кезегінде екіжақты байланыстарды дамыта түскендігін қадап айтты.