Сайлауға орай республикада 423 сall-орталық ашылды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Корнелия Виллемиен Анке Йонкер ханыммен кездесу барысында айтты.
Кездесу барысында Қ.Тұрғанқұлов миссия басшысын сайлау күніне дайындық жұмыстарымен жан-жақты таныстырды.
«Біз кандидаттарға БАҚ-тарда тек жағдай жасау мәселесін бақылауда ұстап отырмыз. Мұнан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау заңнамасы нормаларының бұзылуына жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жүргізудеміз. Сайлауды ұйымдастырушыларды және сайлау үдерісіне қатысушыларды оқыту бағытындағы жұмыстарды да атқарып, сайлаушылар тізімін өзектендіру әрі түзету мәселелерін де жіті назарда ұстаудамыз», - деді ол.
ҚР ОСК басшысы бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі әрбір сайлаушы үшін сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік беру болып отырғанын баса айтты.
«Ол үшін біз барлық қажетті қадамдарды қабылдап жатырмыз. Сайлау комиссияларының Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен өзара іс-қимылының жаңа тетіктерін енгізіп, сайлаушылардың өздерін сайлаушылар тізімінде болу-болмауын нақтылау үдерісіне белсенді қатысуға шақырудамыз. Жергілікті атқарушы органдар өңірлерде сall-орталықтар ашуда. Қазіргі уақытта республика бойынша мұндай 423 орталық бар», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Қазақпарат