Н.Назарбаев пен Р.Ердоған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде болды

Жаңалықтар
17.04.2015, 19:43

Түркістан қаласына жасаған сапары аясында Қазақстан мен Түркия Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде болды. Онда олар университет қалашығының макетімен танысып, білім ордасының мәдениет орталығындағы түркі әлемі мұражайын аралады. Сондай-ақ, екі ел президенттері Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, оқу ордасының оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті.

11156137_1381852862142323_4508510624527311120_n

Кездесу барысында Түркия мемлекетінің басшысына университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы алдында сөз сөйлеген Реджеп Тайып Ердоған көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, түркі тілдес елдердің арасындағы байланысты нығайтудағы оқу орны қызметінің маңыздылығын атап өтті. Түркия Президенті Қожа Ахмет Ясауидің бүкіл түркі дүниесіне қалдырған рухани мұрасының орны айрықша екенін де айтты. Сонымен қатар, Реджеп Ердоған Түркияның әрбір тұрғыны үшін Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан зор мәнге ие екеніне назар аударды.

«Соңғы 20 жылда елдеріміздің саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінде зор өзгерістер болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі емтиханнан жақсы өтті. Барлық сынақтарды еңсеріп, үлкен табыстарға жетті. Бұл көбіне өз елін жоғары деңгейге шығару үшін оның географиялық қонысын пайдалана білген Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мүмкін болды», – деді Түркия президенті.

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – түркі тілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие бірден-бір оқу орны. Мұнда әлемнің түркі халықтары тұрып жатқан 32 елінен келген жастар білім алуда.

Түбі бір туыс елдердің жетекшілері негізін қалаған осы іргелі оқу орнының 8 факультетінде бүгінде 8 мыңнан астам студент білім алуда. Университеттегі дәрістер білім стандарттарына сәйкес қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Сондай-ақ, университет ұжымы халықаралық QS рейтингісіне қол жеткізіп, алдағы бес жылдық кезеңде әлемдегі үздік 350 университеттің қатарына қосылуды жоспарлауда.

Сұхбат

PhotoRoom