Аймақта 2020 жылға қарай 1,2 трлн долларға өсуі мүмкін

Сараптама
23.04.2015, 16:19

Астанада ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Еуразияның көліктік дәліздері: Ынтымақтастықтың жаңа жолдары» атты халықаралық конференция болып өтті.

Ресей, Қытай, Еуропалық Одақ, Түркіменстан, Иран, Әзербайжан, Қырғыз, Түркия елдерінен сарапшылар  халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялар өкілдері бас қосқан алқалы жиынға «ҚТЖ» ҰК» АҚ атынан вице-президент Бауыржан Орынбасаров қатысып, баяндама жасады.

Еуразия орталығында орналасқан Қазақстанның транзит әлеуетін дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанына тоқталған баяндамашы сарапшылардың бағам-болжамдарын алға тартты. Сарапшылар пайымы бойынша, аймақта сауда көлемі 1,5 жарым есеге, яғни 2014 жылғы 800 млрд АҚШ долларынан 2020 жылға қарай 1,2 трлн долларға өседі деп бағалануда.  Осы ретте Қытаймен Еуропалық Одақ елдері арасындағы сауда айналымы 615-тен 800 млрд доллар (АҚШ) құрамақ, ал жүк тасымалы көлеміне келсек, ол 117 млн тоннадан 170  млн тоннаға дейін жетіп жығылмақ. Соның ішінде, осы көлемнің 98 пайызы теңіз көлігі еншісіне берілмек. «Біз 2020 жылға қарай осы жүк тасқынының 10 млн тоннадайын трансқазақстандық бағдарларға тартуды алдымызға мақсат-міндет етіп қойып отырмыз», – деді Бауыржан Орынбасаров.

Ірі инвестиция аясындағы ауқымды жоба

Ал Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк тасқынын тарту өз кезегінде дамыған ұлттық көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жасақтауды және оны халықаралық көлік жүйесіне ықпалдастыруды талап етеді. Осыған байланысты «ҚТЖ» ұлттық компаниясы инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастауға, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті сервисті ұсынатын және тасымал көлемін арттыратын компетенцияларды ұлғайтуға бағытталған ірі инвестициялық жобаларды өзіне қосатын 2020 жылға дейінгі аралықты қамтитын масштабты бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл бағдарламаға бөлініп отырған инвестиция көлемі 36,3 млрд АҚШ долларын құрауда. Бүгіннің өзінде, құрлықтық көлік дәліздерінің көліктік-транзиттік әлеуетін арттыру  мақсатында Қазақстан мен Қытай екі шекаралық өткелдерде темір жол мен логистикалық инфрақұрылымды құрды, олар жылына 40 млн тоннадан астам тасымалды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Үйлестіру  комитетінің үйлесімді жұмысы

Қытай, Ресей, Парсы шығанағы және Еуропалық Одақ елдері арасында Қазақстанның қатысуымен тауартасқыны көлемінің артуын ескерсек, онда трансконтинентальдық көлік дәліздерінің жаңа архитектурасы қалыптасып отырғанын байқауға болады. Сондықтан оңтайлы темір жол желісінің нобайын жасақтау үшін 2014 жылы жаңа темір жол желілері Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл, Өзен – Болашақ – Берекет – Горган пайдалануға беріліп, олар «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» бағдарларындағы жүк тасқыны бағдарын 1000 шақырымға оңтайландырған болатын. Дәлірек айтсақ, бұл желілердің іске қосылуы көлік шығындарын  10-нан 30 пайызға дейін, жеткізу мерзімін 1 тәуліктен 3 тәулікке дейін қысқартып, тиімділігін көрсетіп отыр, ал бұл өз кезегінде еліміздің көлік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Көлік дәліздерін дамытудағы маңызды шара ретінде, 2014 жылдың ақпанында, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия  мемлекеттерінің  темір жол, порттық әкімшіліктері мен құрлықтық компанияларының қатысуымен Транскаспийлік халықаралық көлік бағдарларын дамыту бойынша Үйлестіру комитетінің құрылуын атар едік. Оның мақсаты, бәсекеге қабілетті келісілген тариф саясатын жүргізу,  физикалық және физикалық емес кедергілерді жоя отырып, тараптардың өзара әрекеттесуі есебінен бағдарлар тартымын арттыру болатын.

Терминалдар – тың табыс көзі болмақ

Бүгінде ҚТЖ жаңа заман талабына үн қосып, бизнесті трансформациялау саясатын жүргізуде. Нарықтың заманауи талаптарына бейімделе отырып, Компания темір жол сервисінен мультимодальдік көліктік-логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынуға көшіп отыр, яғни, оған теңіз, авиа, автотасымал, порттық, әуежай инфрақұрылымы, сондай-ақ, «бір терезе» принципі бойынша әрекет ететін терминалдардың біртұтас құрылымы кіреді, бұл өз кезегінде, еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін жүзеге асыруға қолайлы жағдай тудыруда.

«ҚТЖ»ҰК»АҚ вице-президенті өз сөзінде Компания стратегиясы ішкі және сыртқы көліктік-логистикалық желіні жүк тасқынын дистрибуциялау және топтастыру орталықтарында жасақтауды қарастырып отырғанын, осыған орай, Орталық Азияға, Еуропаға және Парсы шығанағы елдеріне Оңтүстік-Шығыс Азиядан бағытталған жүк тасқынын топтастыру және өңдеу үшін Ляньюньган портында логистикалық терминал салғандарын атап өтті. «Өткен жылы Ляньюньган портындағы терминал арқылы экспорттық және транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 70 мың контейнер шамасын құрады,  биыл бұл көрсеткіш 250 мыңнан астам контейнерді құрамақ, ал 2020 жылға қарай ол 2 есеге өседі деп күтілуде», деген мәлімет келтірді Бауыржан Орынбасаров.

Сонымен қатар бүгінде Балтық теңізі аумағында және Парсы шығанағында  логистикалық терминалдарды құру бойынша жобалар қарастырылып жатқанын атап өтті. Егер бұл жобалар табысты жүзеге асырылып жатса, онда көлік тораптары байланысып, Әлемдік мұхитқа шығу қамтамасыз етілмек. «Ляньюньган  порты, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА және Ақтау порты Орталық Азия арқылы жүк тасқынын дистрибуциялауға, тасымалдауға, тартуға негізі мықты логистикалық жүйені қалыптастырады. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА және Ақтау портын тиімді басқару үшін біз порттық инфрақұрылымның ірі халықаралық операторы – Dubai Port World компаниясын тартып отырмыз.  2013 жылы су көлігі бойынша компания құрылып, алғашқы  сатып алынған кемелер қазір Каспийде жүк тасымалын жүзеге асыруда.  2020 жылға қарай Қазақстан флотының кемелері 20 бірлікке жетеді. Ақтау порты аймақта аса маңызды орын алатынын және Каспийге барлық тасымалдың 25 пайызын қамтамасыз ететінін ескере отырып, биыл біз портты кеңейту жұмыстарын ақтамақпыз. Соның арқасында порттың қуаттылығы жылына 21 млн тоннаға дейін жететін болады. Ал Транскаспий бағдарының экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында Құрық портының паромдық кешенінің құрылысы басталды. Бұл жоба толық жүзеге асқанда паромдық жүкті өткізудегі Қазақстанның қуаты үш есе өсетін болады. Қазір «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да Құрғақ порт пайдалануға берілді. Оның жүктерді өңдеу көлемі 2020 жылға қарай 4,4 млн тоннаны құрайды деп межеленуде. Бұл жоба қосымша транзиттік жүк тасқынын тартуға, экспорт тауарларының қозғалысы мен өндірісі үшін заманауи инфрақұрылым құруға бағытталған. Ал енді ішкі көліктік-логистикалық орталықтар желісіне келсек, олар еліміздің ірі қалаларында салынып, аймақтардың қойма орын-жайларындағы сұранысын қанағаттандыратын болады, алдағы мамыр айында Астана мен Шымкент қалаларындағы көліктік-логистикалық орталықтардың құрылысы аяқталады», деп қорытындылады сөзін Бауыржан Орынбасаров.

Сұлугүл БАКЕСОВА

 

Сұхбат

PhotoRoom