ҚР Президенті сайлауы - әлемдік қауымдастық өкілдерінің назарын аударатын ел өміріндегі елеулі оқиға. Сондықтан, олардың алдында біз ынтымағымызды көрсетуіміз керек, делінген Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Ақорданың ресми сайтында жарияланған Үндеуінде.
***
Мемлекет басшысының Конституция кепілі ретінде жалпыға ортақ сайлау құқығын жүзеге асыру туралы Қазақстан азаматтарына Үндеуі
Қымбатты отандастарым!
Өздеріңізге мәлім, 26 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтеді.
Халқымыз бұл жөнінен жан-жақты хабардар. Қолдаушылар мен кандидаттар облыстарда болып, жұртшылықпен жүздесті.
Бүкілхалықтық сайлау - біздің Конституциямызда, арнайы заңымызда көрініс тапқан аса маңызды саяси іс-шара. Сайлау арқылы азаматтарымыз, біріншіден, өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырады, екіншіден, ел басқару ісіне тікелей қатысады. Әрбір азамат өзіне ұнайтын, саясатын түсінетін, халықты алға бастай алады деп сенетін кандидатқа дауыс береді.
Бұл - әлемдік қауымдастық өкілдерінің назарын аударатын ел өміріндегі елеулі оқиға. Сайлауды бақылау үшін елімізге 1 мыңнан астам байқаушылар, 200-ге жуық шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері келеді. Олардың алдында біз ынтымағымызды көрсетуіміз керек. Халық неғұрлым белсене қатысатын болса, соғұрлым еліміздің бірлігі нығаяды, болашаққа деген сенімі беки түседі.
Баршаңызды сайлауға қатысып, дауыс беруге шақырамын.