Көктемгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл әскерге шақырылуға жататын жастар медициналық тексеру мен психологиялық тестілеуден өтіп, қызмет ететін жерлеріне аттануға дайын. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз Қызметі хабарлады.
Оларды әскери бөлімдерге жөнелтер алдында еліміздің барлық өңірлерінде салтанатты шығарып салу рәсімдері өткізілуде. Бұл елімізде игі дәстүрге айналды. Алматы және Петропавловск қалалары әскер қатарына шақырылушыларды шығарып салды.
Бүгін аталған рәсім Ақтөбе қаласында өтеді. Бұл жерде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 41433 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге шығарып салатын 40 ақтөбелік жасқа арнап ҚР Тұңғыш Президенті саябағында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Әскер қатарына шақырылушыларды шығарып салу рәсіміне Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауғанстан соғысына қатысушылар мен жауынгер интернационалистер, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары, әскери-техникалық мектептің тәрбиеленушілері, қаланың жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері келеді.
Жас жігіттер үшін бұл толқу мен жауапкершілікке толы сәт. Әскери ант қабылдағаннан кейін олардың әрбірі ресми түрде Қазақстан Қарулы Күштерінің бір бөлігі болып саналып, армия қатарында туған ел мен халыққа қызмет ететін болады.