Астанаға ардагерлер келіп жатыр

Жаңалықтар
06.05.2015, 11:52

Өңірлерден Астанаға Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің делегациясы келді. Бүгін елордаға темір жол және авиакөліктерімен Павлодар, Жамбыл, Қызылорда және Ақтөбе облыстарынан ҰОС ардагерлері келді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Әлі Алматы қаласынан, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан ҰОС ардагерлері келеді. Әскери парадқа және мерекелік іс-шараларға қатысу үшін Қазақстанның 14 облысы мен Алматы қаласынан жалпы саны 244 ардагер, сондай-ақ Астанада тұратын 16 ҰОС ардагері шақырылды.

«Қаншама жылдар өтсе де Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есінде сұрапыл соғыс жылдарының естеліктері мәңгі қалды. Біз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге келдік. Жастардың жүз мыңдаған адамның қанымен келген жеңісті, бейбітшілікті көзінің қарашығындай сақтап, бағалайтынын көру бір ғанибет», - деді Атырау облысы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев.

7-мамыр күні өтетін әскери парадтан кейін біздің батыр отандастарымыз салтанатты қарсы алу рәсіміне, «Қазақстан» ОКЗ мен «Астана опера» МОБТ мерекелік концерттерге, Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қоюға, қала бойынша саяхатқа (ҚР Ұлттық музейі, «Бәйтерек» монументі, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені, «Хазірет Сұлтан» мешіті және т.б.) қатысады.

Сонымен қатар Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, сондай-ақ Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан алты ардагер Жеңістің мерейтойына арналған парадқа қатысу үшін Мәскеу қаласына аттанады.

 

Сұхбат

PhotoRoom