Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Қазақпарат.
Жаңа редакциядағы кодекс Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасын iске асыру мақсатында және Мемлекет басшысының судьялардың VI съезiнде қойған міндеттерін орындау үшiн әзiрленген. Құжат азаматтық-процестiк заңнаманың жеделдiгiн арттыруды, сот iсiн жүргiзуде бiтiстiру рәсiмдерiн белсендi қолдану үшiн оны жаңғырту арқылы жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сотта тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Тұтастай алғанда, кодекстiң ережелерi азаматтардың, мемлекеттiң және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн қорғауды қарастырады. Сондай-ақ ондай мүдделерді қалпына келтiру туралы азаматтық сот iсiн жүргiзу талаптарын орындауға, заңдылықты сақтауға, қоғамның заң мен сотқа құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталады.
Бұдан бөлек, жаңа кодекс бойынша iстi сот талқылауына дайындау сатысында шешiлетiн мәселелер шеңберiн кеңейту арқылы iстi дайындау сатысын жетiлдiру қарастырылып отыр. Бұл ретте iстi сот талқылауына дайындау мерзiмi ұзартылып, сотқа қуыным арызы қабылданғаннан кейiн судья мен процеске қатысушылардың әрекеттерi нақты регламенттеледі. Iстi сот талқылауына дайындау барысы мен бiрiншi сатыдағы сотта айғақтарды ұсыну тәртiбi жақсартылады. Сонымен қатар азаматтық процесте адвокатураның рөлi күшейiп, медиация институтын кеңiнен қолдану да көзделіп отыр. Бұдан бөлек, істерге адвокаттардың қатысуымен бiтiстiрудiң жаңа тәсiлi ретінде «дауды партисипативтiк рәсiммен қарау» енгiзiлмекші. Бұл дауға қатысушыларға келiссөздердi адвокаттардың белсендi қатысуы арқылы өткiзу мүмкiндiгiн қамтитын болады.
Бұған қоса, дауларды сотқа дейiнгi реттеу мәселесi кеңейтiлiп, азаматтық процестегi тараптар өкiлдiгiнiң институты жетiлдiрiлмек. Енді құжат Сенатқа жолданады.