Халықаралық форумға 200-ге жуық мәртебелі мейман келеді

Жаңалықтар
12.05.2015, 12:07

Биылғы Астана экономикалық форумына 200-ге жуық  вип-спикер қатысады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «АЭФ 2015 - болашақтың инфрақұрылымы» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әсет Ерғалиев айтты.  

«Форумға шамамен 90 елден 3 мыңға жуық делегат келеді. Оларлың ішінде 200-ге жуық  вип-спикер, мәселен  премьер-министрлер, парламент мүшелері, қаржы институттарының өкілдері, Нобель сыйлығының иегерлері, халықаралық ұйымдар басшылары және белгілі ғалымдар болады», - деді Ә. Ерғалиев.

Оның айтуынша, форум аясында небәрі екі күннің ішінде, яғни  21-22 мамырда отызға жуық сессия өтеді. Олардың барлығы экономикадағы әлеуеті зор салалардың бірі - инфрақұрылымды дамыту тақырыбына арналады.

Айта кетейік, форумды ұйымдастыруға БҰҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ ДБ, Дүниежүзілік банк сияқты іргелі ұйымдар атсалысып отыр.

Алқалы жиын биыл тұңғыш рет "жасыл" экономика элементтері бойынша өткізіледі. Қатысушыларға таратылатын материалдардың бір бөлігі қайта өңдеуден өткізілген өнімдерден жасалған. Сонымен қатар, форум биыл алғаш рет "ақылды" навигация қолдану арқылы ұйымдастырылады. Яғни, жуық арада қатысушыларға арналған ұялы телефонға орнатылатын бағдарлама жасалады. Сол арқылы мәртебелі меймандар тек Тәуелсіздік сарайында ғана емес, сонымен қатар Астанада да бағыттарын жаңылмай табатын болады.

Қазақпарат

 

Сұхбат

PhotoRoom