Алдағы уақытта Қазақстанда инфляция деңгейі түсуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумында ҚР Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды Қазақпарат.
«Инфляцияға келетін болсақ, алдымызға қойған мақсаттар орындалып келгенін көріп отырмыз. Инфляциялық мақсаттарға өткенімен, Ресейде инфляция деңгейі 17 пайызға дейін көтеріліп кетті. Қазақстанда осы жылдың алғашқы төрт айында инфляция 4,6 пайызды құрады. Біз тіпті оның көлемі тағыда түседі деп күтіп отырмыз», - деп атап өтті ол.
Мұндай болжам жасауға Ресейдегі экономикалық ахуалдың тұрақтала бастауы мен әлемдегі мұнай бағасының орнығуы мүмкіндік беріп отыр.
«Біз қазір көріп отырмыз, инфляция деңгейі төмендеп келеді. 2017-2018 жылдары Ресей экономикасы тұрақты болатыны болжануда. Сонымен қатар біз алдағы жылдары мұнай бағасының күрт ауытқуы болмайды деп есептейміз», - деді Қ.Келімбетов.
Ұлттық банк басшысының ойынша, елде инфляцияны 4-5 пайыз көлемінде ұстап тұру қажет.
«Біз экономикалық мақсат-мүдделеріміздің орындалатынына сеніммен қараймыз. ЖІӨ көлемі төмендегенімен, бізде 2016-2017 жылдары тұрақты өсу болады», - деп түйді ойын Қ.Келімбетов.