"Бәйтерек" салынбауы мүмкін

Жаңалықтар
26.05.2015, 13:19

Қазақстанның «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенінің құрылысы тұралап тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының комитет отырысында ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мейірбек Молдабеков мәлім етті деп хабарлайды Қазақпарат.

2004 жылы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге қол қойған болатын. Онда Ресей өз міндетіне қауіпсіз Ангара зымырандарын жасауға міндеттеме алса, Қазақстан тарапы зымырандарды ұшыруға дайындайтын техникалық кешенді және зымыранды ұшыратын старт кешенін салуға міндеттеме алды.

«Осы жобаны іске асыру үшін Қазақстан тарапынан 19 жылдық мерзімге 223 млн. АҚШ доллары сомасында бюджеттік несие берілді. Несие шартында негізгі борышты және сыйақыны төлеу бойынша 5 жылдық жеңілдік қарастырылған. Келісімнің шарттары бойынша Ресей тарапы Ангара ғарыштық зымыранының ұшыру сынауларын Плесецк ғарыш айлағында қамтамасыз етуді міндетке алған болатын. Осы сынаулар 2014 жылғы желтоқсан айында ғана ойдағыдай жүргізілді. Осының салдарынан жобаны іске асыру созылып, «Бәйтерек» кешені құрылмады. Ал несиені қайтарудың мерзімдері басталды», - дейді ол.

Оның айтуынша, «Бәйтерек» кешенін құру бойынша келісімнің шарттарынан Ресей тарапы орындауға асықпайды және өз ұстанымдарын әлі нақты айтпай отыр. Дегенмен 2004 жылдан бері 223 млн. доллардың 83 млн. доллары техникалық-экономикалық жобалауға, басқа да техникалық негіздеме материалдарына жұмсалып үлгерген. «Егер ол жоба жабылып қалатын болса, 82 млн. доллар игерілмей қалады деген сөз. Басында Үкіметаралық келісім жасалған кезде, кемшіліктер жіберілген. Келісімде Ресей тарапы егер өзінің міндетін толық атқарамаған жағдайда оған қарсы белгілі бір санкциялық шаралар да қарастырылмаған», - деді ол.

Яғни ол жобаның аяқсыз қалуына ешкім жауап тартпайды деген сөз.

Дегенмен, Ресей тарапы бұл жобадан бас тартатын болса, Қазақстан ұзақ уақыт бойы қызығушылық танытып жүрген Украина немесе Франция әріптестерімен жұмыс жасауға дайын.

Егер «Бәйтерек» жобасы қолға алынса, «Байқоңырдан» Протон зымыран тасығышын ұшыру тоқтатылады. Экологиялық тұрғыда зияны төмен Ангара зымыран тасығышы қолданылады.

Сұхбат

PhotoRoom