Бүкіл әлемде 1-ші маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіледі. Сондықтан да ол халықаралық мейрамдардың бірі саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.
Уикипедия деректеріне сүйенсек, алғашқы Халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілген. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.
Балаларды қорғау күнін олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен. Сондай-ақ, әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, оларды бақытты балалығынан, әлемдегі басқа қатарластары секілді білім алып, тәрбиелену мүмкіндігінен айырады. Сондықтан бұл күні тұрақсыздық жайлаған елдердегі балаларға қамқорлық мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Сондай-ақ, әлем халықтары 20 қараша күні Халықаралық нәрестелер күнін, 16 маусым күні Африкада балаларды қорғау күнін мерекелейді.
Қазақстанда 1 маусым күні балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі.
Қазақпарат