Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Қазақстандағы Сингапур Республикасының Елшісі Зулкифли бин Бахаруддинмен кездесті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынастардың өзара түсіністік пен сенім ахуалында дамып келе жатқаны атап өтілді. Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі болып саналады.
«Биылғы жылы біз екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 22 жыл толуын атап өттік. Осы жылдар аралығында біздің тарапымыздан өзара іс-қимылдың ауқымды спектрі бойынша екіжақты байланыстарды серпінді нығайтудың пайдасына орнықты саяси бәтуаластыққа қол жеткізілді», - деді өз сөзінде Қ. Мәми.
Кездесу аясында сұхбаттасушылар екі елдің сот жүйесін дамыту туралы өзекті ақпараттар алмасты. Қ. Мәми Елшіні Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспары шеңберінде сот жүйесін реформалау жайынан хабардар етті. Атап айтқанда, инвестициялық соттар, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық сарапшылар кеңесін құру, сот жұмысында ақпараттық технологияны қолдану аясын кеңейту және т.б.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар сот жүйесіндегі ынтымақтастықтың дамитынына өзара сенім білдірді.