«Girod’Italia 2015» беделді жарысында жеңіске жеткен қазақстандық «AstanaProTeam» велокомандасы Миландағы «EXPO-2015» көрмесіндегі Қазақстан павильонында болып қайтты.
2015 жылдың 1 маусымында Қазақстан Велосипед спорты федерациясының президенті Д. Қалетаев және Қазақстан Велосипед спорты федерациясының бірінші вице-президенті Р. Баталов бастаған «AstanaProTeam» командасының велошабандоздары Миландағы ЭКСПО көрмесіндегі Қазақстан павильонында болып қайтты. Делегация құрамында жалпы алғанда 80 адам қатысты.
31 мамырда спортшылар «Girod’Italia» халықаралық жарысында «Үздік команда» атағына ие болып, жеңіске жетті. Ал бас жіктемеде велошабандоздар Фабио Ару және Микель Ланда екінші және үшінші орынды алды. Сонымен қатар, жарыстың тауда өтетін қиын кезеңдеріндегі бес жеңісін және Фабио Арудың «Үздік жас шабандоз» аталымындағы жеңісін команданың көп күндік веложарыстағы жетістіктерінің қатарында атап өтуге болады.
Қазақстан павильонының жеңімпаздардың велосипедтері қойылған сахнасына олимпиада чемпионы және «AstanaProTeam» командасының бас менеджері Александр Винокуров сәлемдесу сөзімен шықты.
«Үлкен кәсіби спорт, ЭКСПО секілді ауқымды іс-шаралар елдің танымалдығын жай арттырып қана қоймай, сонымен бірге, оның халықаралық алаңдағы өзіне ғана тән бет-бейнесін қалыптастыру үшін жұмыла қызмет жасайды деп ойлаймын. «Астана» велокомандасы әлемдік кәсіби велоспорт сахнасында Қазақстанның намысын осымен 10 жылдан бері қорғап жүр, сондықтан да біз ЭКСПО-2017 секілді ауқымды іс-шараны жұртшылық арасында кеңінен танытуға арналған үлкен науқанға атсалысып отырғандығымызға қуаныштымыз», - деп атап өтті ол.
Құрамында итаьяндық спортшылар бар велокоманданың павильонға келуі көрме қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды: велоспорттың жанкүйерлері мен әуесқойлары павильон алдында жиналып, спортшылардан қолтаңбаларды алды. Іс-шара ең ірі итальяндық және халықаралық БАҚ беттерінде кеңінен жарияланды.
«Павильонды жасаушылар халқымыздың құндылықтарын, оның бай әрі қызықты тарихын, оның өзіне ғана тән бірегей ерекшеліктерін өте шебер, әдемі әрі заманға лайықтап көрсете алғаны көңілімізден қатты шығып отыр. 2017 жылы көрменің Астанаға келуін асыға күтудемін. Бұл шынымен де өте үлкен оқиға, көрменің дәл Қазақстанда өтетінін мен мақтаныш тұтамын», - деп атап өтті Александр Винокуров. Ол өз сөзінің соңында Қазақстан павильонына Миландағы көрмеде табысты әрі жемісті жұмыс жасауды тіледі.
Спортшылар Қазақстан жерінің ежелгі заманнан бастап осы күнге дейінгі тарихын бірнеше минут ішінде баяндап беретін «топырақ үстіндегі шоудан», сондай-ақ, Қазақстан павильонының мазмұнынан үлкен әсерде қалды. Спортшылар павильонға келген уақытында тілектер кітабында өз лебіздерін жазып қалдырды, мерекелік сапардың соңында қатысушылар естелік суреттерге түсті.
«Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін “AstanaProTeam” велокомандасы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қазақстандық жобасының бір бөлігі табылатынын және іс-шараны жұртшылық арасында кеңінен танытуға белсенді атсалысатынын еске салғымыз келеді.
* * *
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындалу және оны өткізу үшін 2013 жылдың 15 қаңтарындақұрылды. Көрме Астанада 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта өтеді.
Оған 100 ел, 10-нан аз емес халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 көшбасшы компания қатысады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, көрмеге 2 миллионнан аса қонақ 5 миллионға жуық рет келеді деп күтілуде.