Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың «жасыл белдеуін» құрайтын орман алқабын тікұшақпен қарап шықты. Астананың «жасыл белдеуін» аралағаннан кейін Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүр бойынша орманға қырғауылдарды жіберді.
«Елорданы Ақмолаға көшірген кезде қаланың ішіндегі климат нашар болатын. Яғни, шаһардың ішін шаң басып кететін еді. Енді бүгінде алып орман ектік, қаланың ішіне де гүлзарлар мен ағаштар отырғызылды. Қазір қалада шаң жоқ. Астана маңында орманның жайқалып өсуіне байланысты қаланың ішіндегі жел де азайды. Бастапқыда елорданың маңына орман отырғызайық дегенде, көбісі бұл жерде орман өспейді дегенді айтқан еді. Оған қарамай, ғалымдармен ақылдасып, 1998 жылдан бері орман отырғыза бастадық. Он жеті жылдың ішінде жайқалып өсіп тұрған орманға айналды. Осындай орман қаланың төңірегінде 70 мың гектарға жетті. Оның ішінде 12 мың гектары - қаланың ішінде. Қазіргі алға қойған мақсат - 2020 жылға дейін 100 мың гектарға жеткізу», - деді Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.