Кейде ортаңқол шенеуніктердің кішігірім жиналыстардың шымылдығын ашып тұрып «Құрметті қазақстандықтар» деп сөз бастайтыны бар. Қазақ тілінде бұл сөз тым жасанды естіледі әрі мән-мағынасыз көрінеді және сөйлеушіні халықтан алыстатып жібереді.
Қазақтар мемлекетқұраушы ұлт дәрежесін алып, басқалар «диаспора», «ұлттық азшылық» деген категорияға жатқызылуы керек деген пікір меншік түріне қарамастан, барлық қазақ басылымдарының басты қағидасына айналған. Бұл идея саяси сараптамадан бастап, әдеби-мәдени шығармаларға дейінгі барлық жарияланым түрлерінен айқын көрініп тұрады. Ал көпұлттылық пен көпдінділікті насихаттайтын материалдар мемлекеттік тапсырыспен әзірленген жасанды дүние екені бірден білінеді. Мұның өзі интеллигенция деңгейінде қазақ ұлты ұлттық мемлекет құру идеясын қолдайды деген сөз.
«Ми ботқа»
1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», - деп басталады.
Мұнда ұлттық мемлекет қағидасын жоққа шығаратын екі нәрсе бар. Бірінші, Қазақстан – тағдыр айдап осы жерге келіп тұрақтаған барша халықтың отаны, екінші – мемлекеттілік жаңадан құрылып отыр. Бұл екі қағида мемлекеттің басты идеологиясына айналды және ол әлі күнге дейін декларативтік тұрғыда насихат құралы рөлін атқарып келеді. Әу бастан-ақ ұлттық мемлекет құруға кіріскен басқа одақтас мемлекеттер ескі рәміздерін қайта қабылдап, кеңестік дәуірден бұрынғы конституцияларына қайта оралып жатқанда, біз бәрін жаңадан ойлап шығардық. Мойындау керек, рәміздерде қазақтың ұлттық мифологиясы, тарихы, дәстүр-салты көрініс тапқанымен, мұндай үлгідегі елтаңба мен тудың тарихта болмағаны аян. Ал алғашқы әнұранымыз тіпті «Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң» деген кеңестік кезеңдегі әннің жаңартылған нұсқасы болды.
Америкалық дипломаттар екі елдің ұқсастықтарын айтқанда өздерінде мемлекеттік патриотизмнің басты өзегіне айналған «этностардың ми ботқасы» («Melting pot») деген теңеуді бізге де қатыстыра айтады. Дәл қазіргі ресми құжаттарымыз бен саяси идеологияны қарайтын болсақ, расында біздің АҚШ-тан еш айырмамыз жоқ. Ал АҚШ - азаматтық ұлтшылдық (civic nationalism) негізінде мемлекет құрған Америка құрылығындағы колонизатор-елдердің көшбасшысы. Ұлттық мемлекет этномәдениетке, этностың территориясына тәуелді категория болса, Америка құрлығындағы елдер мұндай құндылықтардан ада. Азаматтық ұлтшылдық – территориялық ұғым, ондай мемлекет шыққан тегіне, тілі, діні, этносына қарамастан, сол аумақтағы белгілі бір шарттарға мойынсұнған азаматтарды жасанды символдар төңірегіне біріктіреді.
Этностық азшылықтарды құрметтеу қағидасын берік ұстанып отырған Еуропа одаққа бірігіп жатса да, этнонационализмді сақтауда үлгі болып отыр. Шығыс Еуропа елдері Еуроодаққа кіруге аса мүдделі болды, себебі келешекте бұл ұйымдағы мемлекетаралық шекаралар жойылып, ол этномәдениеттердің одағына айналады дейді сарапшылар.
Израиль, Жапония сияқты мемлекеттер демократия құндылықтарын сақтай отыра ұлттық мемлекеттерінің мүддесін қорғауда алдына жан салмай келеді. Жапонияда азаматтық тек жапон этносының өкілдеріне беріледі. Шетелге атам заманда кетіп қалған жапонның үшінші ұрпағы Жапонияның азаматтығын бірден ала алады, ал жапон жерінде тұрып жатқан кәрістердің үшінші ұрпағы азаматтық ала алмайды. Дүние жүзінің кез келген түкпіріндегі еврейдің өз атамекеніне оралу құқығы бар. Ал Израиль жерінде тұрып жатқан палестиндіктер негізгі азаматтық және мәдени құқықтарды пайдаланады, бірақ олардың Израильмен ешқандай рухани байланысы жоқ.
Өтпелі кезең және «шақыру билеті»
Біздіңше, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде мемлекеттік билік институттарын нығайту, елдің іргесін қалап, етек-жеңін жинап алу үшін осы жолды таңдау қажет болды. Бұл шешім біздің кикілжіңдерден аман-есен өтуімізге жәрдемдесті. Бірақ қазіргі сәтте бұл мемлекеттік идеология тығырыққа тіреліп тұр. Себебі, мемлекет халықтың рухани-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыра алмай отыр және мемлекеттік патриотизмнің идеологиялық механизмдері жасалмағандықтан, жаңа буын жастардың ой-санасы ұлттық деңгейге жете алмай жатыр. Осы аралықтағы жиырма жылды өтпелі кезең жылдары деп есептесек, бізді алда ұлттық жаңғыру кезеңі күтіп тұр деп болжауға негіз бар. Бірақ бұл ұлттық жаңғыру мемлекеттік құрылыстан қай тұрғыда көрініс табады және қашан жүзеге асады?
Біріншіден, ұлттық жаңғыру әлі жалпыхалықтық деңгейде жүріп жатқан жоқ, яғни халықтың санасы ұлттық мемлекет құру қажеттілігін сезінетіндей деңгейге көтерілуі керек. Белгілі шотланд ғалымы Том Нейрннің сөзімен айтсақ, «Ұлтшылдардың жаңа орта тап интеллигенциясы бұқара халықты тарихты жасауға шақыруы керек: ал «шақыру билеті» халыққа ұғынықты тілде жазылуы керек».
Екіншіден, мемлекеттік идеология кеңестік кернейлеткен, жалаулатқан көзбояушы үгіт-насихаттың орнына шынайы идеологиялық құралдарды пайдаланып, қазақ ұлтының тарихы, мәдениеті, салт-санасына иек арта отырып, барлық ұлттардың патриоттық сезімін оятуға күш салуы қажет. Мәселен, жас балалар қазақтардың жоңғарлармен не себепті соғысқанын біліп, ондағы негізгі шайқастарды жаттап өсуі керек. Абылайхан, Кенесары, Алашорда көсемдері және басқа ұлт азаттығы жолында күрескен тарихи тұлғалар жастарға ұғынықты тілде, формада насихатталуы керек. Бір ғана мысал, Грузиндерде Горгасали патша (V ғасыр), Тамара патшайым (XII ғасыр) атындағы ордендер бар. Мұның өзі елдің өткенінен қаншама мағлұмат береді.
Не кедергі болуы мүмкін?
Бірінші, ықтимал этностық конфликтілер. Олар жасанды түрде сырттан ұйымдастырылуы да ғажап емес. Сондықтан, басқа этностардың көңіл-күйін зерттеп отыратын механизмдер керек. Олардың әлеуметтік жағдайы қандай? Басқа ұлт өкілдері Қазақстанның тәуелсіздігін қалай қастерлейді? Олар болашағын қайда елестеді? Қоғамдық пікірдің ауаны қандай? Олардың қандай талап-тілектері бар? Географиялық тұрғыдан Ресеймен көршілес жатқандықтан және мұнда орыс ұлтының өкілдері тығыз қоныстанғандықтан, Қазақстанның солтүстігі мен шығысында сепаратистік-ирредентистік пиғылды күшейтіп жіберуге мүдделі күштердің шығуы мүмкін екенін ескерген жөн. Оңтүстікте, Өзбекстанмен шекарада да мұндай конфликтілердің тұтану қаупі сақталады. Сондықтан, жалаң идеологиялық шаралардың орнына қалың бұқара арасында әлеуметтанушылық зерттеумен айналысып, елдегі объективті ау-жайды бақылап отыратын мониторинг жүйесін қалыптастыруы керек.
Екінші, сыртқы күштер. Қазақстанда ұлтшылдықтың өршуі көршілерге, соның ішінде Ресейге, ұнай қоюы екіталай. Мұндай өзгерістер бола қалған жағдайда Кремль мұндағы отандастарының мүддесін қорғаудан да тайынбайды. Бұл жағдайда батыл да әртарапты сыртқы саясат ұстану және реформаларды байыппен, сатылы түрде жүзеге асыру қажет болады.