Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ШҚО колледждерінде жаңа мамандықтар ашылуда

Рейтинг
25.07.2025, 15:29
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ШҚО колледждерінде жаңа мамандықтар ашылуда

Жұмысшы мамандықтар жылын өткізуге арналған іс-шаралар жоспары аясында Шығыс Қазақстан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа тоғыз мамандық ашылды. Жаңа білім беру бағыттары бес колледжде енгізілді.
Атап айтқанда, келесі оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылды: КМҚК «Өскемен жоғары политехникалық колледжі»;  КМҚК «Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі»; КММ «Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі»; КММ «Өскемен құрылыс-техникалық колледжі»; ЕҰ «Көлік және тіршілік қауіпсіздігі колледжі».
Өскемен жоғары политехникалық колледжінде екі жаңа  мамандық ашылды: «Жаңартылатын энергетика» (мамандық бойынша – жаңартылатын энергетика жабдықтарының операторы); «Қашықтан басқарылатын ұшқышсыз авиациялық жүйелер» (ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы).
Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде «Су көлігін пайдалану (бейіні бойынша)» мамандығы бойынша оқыту басталды. Біліктіліктері: рульші (кормщик) және моторшы (машинист).
Өскемен құрылыс-техникалық колледжінде екі бағытта кадрлар даярлау қолға алынды: «Логистика (салалар бойынша)» (экспедитор, операциялық логист); «Жылжымайтын мүлікті басқару» (хаус-мастер, көпқабатты тұрғын үйді басқарушы).
Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі үш жаңа мамандық ашты: «Ұшақтарды техникалық қызмет көрсету және жөндеу» (слесарь-механик, авиациялық техниканы жинақтаушы слесарь, В санатындағы техник-механик); «Зоотехния» (құс өсіруші, мал шаруашылығы шебері, зоотехник); «Әуе тасымалын ұйымдастыру» (әуе билеттерін брондау және сату жөніндегі агент, әуе тасымалдарын ұйымдастыру жөніндегі агент).
Көлік және тіршілік қауіпсіздігі колледжінде «Төтенше жағдайлардағы қорғау (бейіні бойынша)» мамандығы ашылып, водолаз біліктілігі бойынша оқыту басталды.
Барлық білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесе отырып әзірленіп, «TALAP» КЕАҚ тізіліміне енгізілді. Оқу-әдістемелік материалдар сатып алынды, өндірістік тәжірибе базалары анықталды, жабдықтарды жеткізу басталды.
Барлық колледждер тиісті лицензиялар алып, талапкерлерді қабылдауды бастады.
Жаңа мамандықтар үшін жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 149,15 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, 2025 жылы колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 234,75 млн теңге бағытталды.
Атап айтқанда, КММ «Өскемен технология және сервис колледжі» үшін келесі мамандықтар бойынша мамандар даярлауға арналған жабдықтар сатып алынды: токарлық іс, жиһаз өндірісі, бағдарламалық қамтамасыз ету, есептеу техникасы, тігін өндірісі және киім үлгілеу, шаштараз өнері.

Сұхбат

PhotoRoom