Ұлытауда І Республикалық «Қобызым – қоңырым» байқауы өтті

Рейтинг
24.07.2025, 18:31
Ұлытауда І Республикалық «Қобызым – қоңырым» байқауы өтті

23-24 шілде күндері І Республикалық «Қобызым – қоңырым» қобызшылар байқауы өтті. Бұл байқаудың  Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында ұйымдастырылуының өзіндік себебі де бар. Қойлыбай бақсы – осы Ұлытау өңірінде туып-өскен, қазақ  халқының рухани мәдениетіне зор үлес қосқан тарихи тұлға.  Қорқыттың қобызын, сарынын алғаш мирас тұтқан  өнер иесі де осы Қойлыбай болған.
Бақсылығымен де, қобызшылығымен де аты аңызға айналған Қойлыбай әулие атындағы алғашқы қобызшылар байқауын өткізуге Ұлытау облысының  әкімдігі қолдау білдірсе, байқауды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырып өткізді.  
С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театры қобыздың тылсым үнін тыңдауға құштар көпшілікті екі күн бойы өзіне тартып, өзінде тұсады. Республикалық деңгейде өткізіліп отырған қобызшылар байқауының  басты мақсаты Қойлыбай әулиенің емшілігімен қатар, қобызшы болғанын көпке таныту, насихаттау болды. Сонымен қатар, жас ұрпақты қобыз өнеріне баулу, халықтың көнеден келе жатқан өнерін ұрпақ жадында жаңғырту болып табылады. Байқау барысында көрермен көпшілік оны ұйымдастырушылардың ұлттық аспаптар мектебінің дәстүрін сақтап, күйдің ұмытылып бара жатқан орындаушылық дәстүрін   қайта түлетулеріне куә болысты. 
Байқау сонымен бірге, әрине, қобызда талантты орындаушыларды  анықтап, олардың шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасады. 
Байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен   12 үміткер қатысты.
Бас жүлде  иегері Әсен Смаил- Талдықорған қаласы.
І орын  иегері Азбаев Әдлет -Алматы қаласы.
ІІ орын иегері Құрманбек Олжас – Астана қаласы.
ІІІ орын иегерлері Төреханов Ерасыл-Жетісу облысы  және Жетпісбаева Аяулым- Қарағанды облысынан.
Дипломанттар: Қыдырмұрат Әсел, Сайлауова Дана, Ержан Жанайым - Алматы қаласынан, Майданова Самал-Астана қаласынан.
Арнайы жүлделер:  Қорқыт атындағы жүлде иегері Болат Арайлым- Алматы қаласы, Ықылас атындағы жүлде иегері Алтынбекова Гауһар-Қарағанды қаласы, Қойлыбай әулие атындағы жүлде иегері Қабыл Медет-Ұлытау облысы.

Сұхбат

PhotoRoom