Діни және саяси лидерлерге халықтардың бейбіт өмір сүруі мен қауіпсіздігі жолында ерекше жауапкершілік артылады. Бұл туралы бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының 14-ші отырысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты деп хабарлайды, Қазақпарат.
«Бүгін біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші съезіне дайындық жұмыстарын қорытындылау үшін жиналып отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің қызметіне көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауларыңыз бен ерекше ықыластарыңыз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін», - деді ол.
Сенат сипкер өз сөзінде ертең бесінші съезде дін лидерлері әлемнің бірқатар мемлекет басшыларымен, беделді халықаралық ұйым жетекшілерімен, көрнекті саясат және қоғам қайраткерлерімен, ғылыми қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдерімен бірлесе отырып, ортақ диалог алаңында пікір алмасатындығын атап өтті.
«Әлемдік дамуда болып жатқан сан алуан үдерістер қазіргі заманғы өркениеттің іргелі серпілістерге аяқ басқанын көрсетіп отыр. Бұл әлем сипаты мен әлемдік экономикалық жүйені қайта құруды, қоғамдарды әлеуметтік тұрғыда ұйымдастыруды және олардың идеологиялық негіздерін тереңінен өзгертуді талап етеді. Осы тұрғыда діни және саяси лидерлерге халықтардың бейбіт өмір сүруі мен қауіпсіздігі жолында ерекше жауапкершілік артылады. Олар бірлесе әрекет ете отырып, мемлекеттер мен халықтардың қауіпсіздігін, тұрақтылығын және ынтымақтастығын дамытуға ықпал етіп, бейбітшілік пен келісім үнін еселей түсетіні даусыз. Алдағы дінаралық саммит әлем үшін аса қажетті, ізгі ниетті жүзеге асыру ісіне жаңаша серпін береді деп сенеміз», - деді Қ.Тоқаев.
Айта кетейік, отырыс барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары 5-ші съезінің күн тәртібі белгіленіп, съезд қатысушылары декларациясының жобасы мақұлданылады деп күтілуде. Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының 15-ші және съездің 6-шы отырыстарын өткізу мерзімі анықталатын болады. Мұнан бөлек, жиын соңында хатшылықтың хаттамасын қабылдау жоспарлануда.