Астанада Назарбаев Университетінде EHELF-2015 - IV еуразиялық жоғары білім көшбасшыларының форумы өтуде, оның тақырыбы «XXI ғасыр түлегі: негізгі құзыреттілік және қазіргі заманғы еңбек нарығы» деп жазады Қазақпарат.
Шара жедел құбылып отыратын еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін білікті мамандарды даярлау проблемаларын талқылауға арналды. Форумда ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов сөз сөйледі, ол табысты елдердің алдында тұрған міндеттердің бірі жұмыспен қамту дағдарысын еңсеру болып табылатынын атап өтті.
«ЭЫДҰ елдерінде 16-29 жас аралығындағы жастардың көбі жұмыссыз, білім беру жүйесіне қамтылмаған, өндірісте дайындықтан өтпейді. Бүкіл әлемде экономиканың түрлі салаларына байланысты проблемалар бар. Оларды шешудегі маңызды рөл білім беру жүйесіне байланысты», - деп атап өтті ол.
Министр мемлекеттің одан әрі қалыптасуы үшін Ұлт жоспарында айтылған реформаларға барлық кезеңдегі білім беру жүйесі тартылғанына тоқталып өтті.
«Бұл бізден білім беру жүйесін жақсарту әрекеттерін жүзеге асыруды талап етеді, бұл үлкен жауапкершілікті ештеңемен салыстыруға келмейді, себебі алдағы өзгерістердің негізгі буыны - адам капиталы. Жетекші елдер мен әлемдік даму тәжірибесі көрсеткендей, тұтастай білім мен ғылым мемлекеттік даму, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, экономикалық өсім, қоғамдық келісімнің жүйе құраушы факторы болуы тиіс. Осыған байланысты елдің барлық педагогикалық, ғылыми қоғамдастығы, біздің министрлік қоғамдық игілік ретінде білім мен ғылым құндылықтары мен тәсілдеріне негізделген идеологияға жаңаша көзқарас танытуы тиіс», - деді А.Сәрінжіпов.
ҚР БҒМ басшысының айтуынша, жұмыс берушілердің талаптары мен мамандар даярлығының нәтижелерінің сәйкес келмеуі жаһандық проблема болып табылады. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, көптеген елдерге тән. Былтырғы қазақстандық жұмыс берушілер арасында өткен сауалнамада: түлектің академиялық үлгерімнің, ЖОО беделінің, оның өз білімін тұрақты түрде жаңартып отыруға ұмтылысының маңыздылығы атап өтіліп, жұмыс берушілер түлектердің ЖОО қабырғасында алған біліктілігінің сапасына алаңдаушылық білдірді.
«Жұмыс берушінің кешегі түлектің кәсіби дайындығына жеткіліктілігіне сенімісіздігіне қарамастан, компаниялардың түлектерді жұмысқа алудан бас тарта алмайтыны белгілі. Осыны түсіну арқылы жұмыс беруші білім беретін ұйымдармен тығыз жұмыс істеу қажеттігін сезінуі тиіс. Оқу орны мен өндірістің арасындағы өзара іс-әрекет екі жақтың күткен нәтижесіне сәйкес келетін деңгейге жеткен жоқ. Қазақстандық контексте бұл проблема нарықтық қатынастарға көшуге қарамастан, еңбек нарығында, білім беру қызметі нарығында сұраныс пен ұсыныс әлі де қалыптасу үстінде болуымен күрделене түсуде. Түлектер қандай болу керек деген дау-дамай толастаған жоқ, олар кейде жұмыс берушінің қойған талаптарына сәйкес келмей жатады», - деді А.Сәрінжіпов.
Осы жиында Білім және ғылым министрі "Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтен кешірім сұрамаймын, кешірім сұрайтын дәнеңе жоқ" деген болатын.