Бүгін Назарбаев Университетінде алғашқы түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық компанияларға осы оқу орнының түлектерін жұмысқа қабылдауға шақырды.
«Қазір енді болашақтарың өз қолдарыңда. Кейбірің шетелдік университеттерге барасыңдар, басқа біреуің осында қаласыңдар, қалғандарың дүниежүзілік компанияларға жұмысқа орналасып жатырсыңдар. Бірақ, менің айтайын дегенім, ең алдымен Отанға қызмет етіңдер. Қазақстанның компаниялары қазір сіздердің араларыңнан білікті мамандарды алып, еліміздің игілігіне жұмыс істетуі керек. Қазақстанның өркендеуіне қызмет ету керексіңдер. Отанның бергенін он есе қайтаруларың керек. Солай емес пе?» -деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл оқу орны отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Биыл университетті 446 студент тәмамдап отыр. Таратылған мәліметтерге қарағанда, жалпы оқу орны ашылғаннан бері жеті мектептегі студенттер саны 2 800-ге дейін жетті. Жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болуда. Магистранттар мен докторанттар да мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.
Қазақпарат