Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен «Мұз айдыны» және «Сейхун» спорттық кешендерінде волейболдан спорттық турнир өтті.
Саламатты өмір салты мен дене шынықтыру мәдениетін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған облыстық жарысқа облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері, Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандық мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлерінен құралған 7 команда қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында облыстық мәслихат хатшысы Ақмарал Әлназарова мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев жарысқа қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, басқарма басшысы Садық Мұстафаев облыста дене шынықтыру мен спорттың дамуына үлес қосқан, облыстық мәслихат депутаты Кенжебек Үйрековті дене шынықтыру және спорт басқармасының басқарманың «60 жылдық медалімен» марапаттады.
Жарыс қорытындысы бойынша Арал аудандық мәслихаты көш бастаса, Қызылорда қалалық мәслихаты екінші орынды, Шиелі аудандық мәслихаты үшінші орынды еншіледі. Жарыс жеңімпаздарына диплом мен кубок және естелік сыйлықтар табысталды. Жарыста "Үздік ойыншы" номинациясымен – облыстық мәслихат аппаратының басшысы Мэлс Қосмамбет (Қызылорда обл.), "Үздік шабуылшы" – қалалық мәслихат қызметкері Ғазиз Бисембаев (Қызылорда қ.), "Үздік қабылдаушы" - Шәріпжан Ерімбетов (Сырдария ауд.), "Үздік үйлестіруші" - Әділбай Медетбаев (Қызылорда қ.), белсене қатысқаны үшін Қазбек Шәукебаев (Шиелі ауд.), жарыста танытқан құлшынысы мен көрсеткен жігерлігі үшін Марат Жолдасбаев (Арал ауд.) марапатталса, Сырдария ауданының командасы «Үздік команда» деп танылып арнайы дипломдар табысталды.
Сонымен қатар, жарыста үздік М. Мұхамадиев, З.Мұхамадиева сияқты төрешілер ұйымдастырушылық қызметке ат салысқандары марапатталды.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың наурыз айында үстел теннисінен мәслихат депутаттары арасында облыстық жарыс өткізілген болатын. Аталмыш жарыстар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады.