ҚР Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен Ғаламтордағы әскери тақырыпқа арналған блогерлер арасындағы үздік пост байқауы басталды. Шығармашылық байқау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің позитивті имиджін нығайтуға үлес қосқан журналистерді, әскери сарапшыларды, медиа-кәсіп, қоғам өкілдерін, желілік журналистер мен блогерлерді көтермелеуге бағытталады.
Бүгінгі күні ақпарат ағыны дәуірінде әлеуметтік желіде жазу жазатын блогердің рөлі айрықша. Блогерлердің қозғалысы немесе «азаматтық журналистика» және ол көтеретін тақырыптар тиісті лауазымды тұлғалар тарапынан назарға алынады және көптеген жағдайларда әртүрлі проблемаларды шешуде оң нәтижелерге қол жеткізеді.
Қарулы Күштердегі оң өзгерістер, әскери қызмет пен әскери салт-дәстүрлерді, әскери қызметшілердің ер жүректігі мен батылдығының заманауи үлгілері туралы қоғамды ақпараттандырып, ел арасында әскери қызмет пен әскери дәстүрді насихаттап жүрген блогерлер армиялық қызметтің абыройын арттырып жүр.
Байқауға танымал Ғаламтор-тұғырнамаларда жалпыға қолжетімді блогтарды жүргізетін ҚР азаматтары, тәуелсіз журналистер, блогерлер қатыса алады. Үміткерлер 2015 жылғы қаңтардың 1-і мен қыркүйектің 20-ы аралығында әлеуметтік желілер мен блогтарда жарияланған Қарулы Күштердің қызметіне арналған интернет-жарияланымдарды (мақалалар, эссе, сұхбат, суреттемелер және т.б.) ұсынуы қажет.
Жеңімпаздар «Басты калибр» - әскери тақырыпты жариялауға қосқан үлесі номинациясы, «Құлағы түрік» – үздік аналитикалық пост номинациясы, «Арт-обстрел» – үздік фоторепортаж аталымы бойынша анықталады. Әр аталымда бір жеңімпаз марапатталады.
Байқау және оны өткізу шарттары туралы қосымша ақпаратпен ҚР қорғаныс министрлігінің mod.gov.kz ресми сайтында «Әскери пост» бөлімінде танысуға болады.