Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысына қатысты, оның барысында 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі қаралып, бекітілді.
Отырыс барысында депутаттар Үкімет мүшелеріне бірқатар сауалдар қойды. Бюджет қаражатын игерудің тиімділігін арттыру қажеттігі туралы сауалға жауап берген Премьер-Министр «жүйелі проблема жүйелі шешімдерді қажет ететінін» баса айтты. Ол «100 нақты қадам» Жоспарын жүзеге асыру аясында мемлекеттік сатып алулар, бюджеттік үдерісті қалыптастыру жүйесі өзгертілетінін, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігі арттырылатынын айтты. Ол бюджеттің атқарылуына әлем экономикасындағы жағдай, атап айтқанда энергия тасымалдаушыларға бағаның төмендеуі әсер ететінін айтып өтті.
«Былтырғы жылы біз бюджетке түзетулер енгіздік. Біздің ойымызша, таяудағы 3-5 жылда біз энергия ресурстарына бағаның төмендеу дәуірінде өмір сүретін боламыз. Сондықтан да, алдағы үш жылға бюджетті қалыптастыру барысында негізгі экспорттық тауарларға бағаның төмендеуі ескеріледі, бұл кейбір бағдарламалар мен бюджет шығындарын қайта қарауды талап етеді», - деді К.Мәсімов.
Премьер-Министр сондай-ақ депутаттардың моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты сауалдарына жауап берді. Аталған бағдарламаның кемшіліктерінің арасында ол бөлінген қаражаттың басым бөлігінің ТКШ және моноқалалардың инфрақұрылымын дамытуға пайдаланылғанын, оның орнына кәсіпкерлікті белсенді ынталандыру керектігін айтып өтті.
«Біздің келісімге сәйкес консорциумның қазіргі уақытта құбырды ауыстыруға кеткен шығыстары қайтарылмайды, және мемлекет бұл шығындарды өтемейді. Біздің уағдаластығымызға сәйкес құбырларды ауыстыру 2016 жылдың соңында аяқталады. Қашаған 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында іске қосылады деп есеп жүргізіп отырмыз», - деді К.Мәсімов.
Өз сөзін қорытындылай келген Премьер-Министр депутаттар көтерген барлық мәселелер назардан тыс қалмай, Үкіметтің отырыстарында қаралатынын баса айтты.