Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында бесінші сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясының жұмысын ұзарту жөнінде шешім қабылданды.
«Бүгінгі таңда Парламент алдында жұмыс көбейіп отыр. Бұл біздің басқа мемлекеттік органдармен үйлесімді жүйеде жұмыс істеуімізді талап етеді. Осыған орай, біз уақытты ұтымды пайдалану үшін Парламент сессиясын ұзарту мәселесін қарастырдық», - деді Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов.
Оның сөзіне қарағанда, Конституцияның 59 бабы, 3-тармағында «Парламенттің кезекті сессиясы жылына бір рет қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі» деп көрсетілген. Бұл ретте Конституцияда көрсетілген мерзімді өзгертуге тыйым салатын норма жоқ.
«Конституциялық Кеңестің аталған нормаға берген ресми түсіндірмесін негізге ала отырып, бесінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясын 2015 жылдың 15 шілдесіне дейін ұзартуды ұсынамын», - деді спикер Қабиболла Жақыпов.