Әбдіқалықова дәрігерлермен жүздесті

Жаңалықтар
17.06.2015, 19:26

Бүгін Астанада, Медицина қызметкерлерінің  күні қарсаңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері: медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер басшыларымен, ауылдық дәрігерлермен, жаңашыл медиктермен, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, санитарлық авиация дәрігерлерімен, фармация мамандарымен кездесті.

Кездесуге Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З.Қайырбекова қатысты. Гүлшара Әбдіқалықова өзінің құттықтау сөзінде Ұлт денсаулығы мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағынан табысты дамуы және 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған озық 30 елінің қатарына кіруі  денсаулық сақтау саласын жаңартумен тікелей байланысты.

Биылғы жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы аяқталатыны белгілі. Осы жылдар ішінде медициналық ұйымды таңдау еркіндігі; медициналық көмек көрсету шараларының ашықтығы; медициналық қызмет көрсетудің бәсекелестік ортасының қалыптасуы; медициналық қызмет көрсетудің көлемі мен сапасына қарай ақырғы нәтиже бойынша қаржыландыру қағидаттарына негізделген Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі құрылды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында  атап өткендей, тек «салауатты өмір салтын орнықтыру және медицинаны дамыту ғана қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік туғызады».

Соңғы 5 жылда қазақстандықтардың күтілген өмір сүру жасының ұзаруы отандық медицинаның қол жеткізген табыстарының айғақты дәлеліне айналды.  Өмір сүру жасы 3 жылға ұзарып, 2014 жылы 71,6 жасты құрады. 2010 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есеге қысқарды (2010 ж. – 22,7; 2014 ж. – 11,7), бала өлімі 1,7 есеге (2010 ж. – 16,54; 2014 ж. – 9,8). Қазақстан 2011 жылы Мыңжылдықтар дамуының төртінші және бесінші Мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді.

Кездесу кезінде денсаулық сақтаудың, соның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге, өңірлік ғылыми мамандандырылған медициналық ұйымдардың, ауылдық медициналық мекемелердің жұмысына байланысты және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы тарапынан құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Кездесу соңында, Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова Жер бетіндегі ең ізгі мамандықтың иегерлері медиктерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, өздеріне және ем алушы сырқаттарға зор денсаулық, бақыт, еліміздің игілігі жолында жұмыстарына табыс тіледі.

Сұхбат

PhotoRoom