2016 жылдың қаңтарынан мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі енуі мүмкін. Бұл туралы бүгін «Қазақстан-2050» Демократиялық жалпыұлттық күштер коалициясының отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Қазақпарат.
Еске салайық, отырыста «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелері талқыланған болатын. ҚР Ұлттық экономика министр, коалиция мүшесі Ерболат Досаевтың айтуынша, бес реформаның бірінші бағыты - заманауи, дербес, кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға бағытталып, ол экономикалық бағдарламалардың сапалы орындалуын, сапалы мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз етуі тиіс.
«Бұл бағытта жаңа жалақы жүйесін енгізу көзделеді. 2016 жылдың қаңтарынан бастап енгізілуі мүмкін жалақы төлеудің жаңа жүйесі жұмыстар нәтижесіне қарай негізделеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді жүйелі түрде оқытып, біліктілігін арттыру заң жүзінде бекітіледі. Құқық қорғау органдарын қоса алғанда мемлекеттік қызметке кандидаттарды іріктеу орталықтандырылады, бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің рөлін күшейту жоспарда бар», - деді Е. Досаев.
Министрдің айтуына қарағанда, алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің барлық деңгейін, соның ішінде құқық қорғау органдарын да қамтитын «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылдау жоспарланған.
«Жалпы осы бағыттағы жұмыстың негізгі өзегі ретінде біз «Сингапур үлгісін» алып отырмыз. Мемлекет басшысы көтерген барлық базалық мәселелер, соның ішінде мемлекеттік қызметшінің жалақысын көтеру, мемлекеттік қызмет мәртебесін арттыру - бұл басым бағыттар болып табылады», - деді министр Е. Досаев.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістердің түбегейлі, радикалды сипатта өрбитінін атап өтті. «Бұл жай ғана сылап-сипап, бер жағынан жасалатын өзгерістер емес, косметикалық әйтпесе дуалдың бояуы секілді жұмыс та емес. Біз мүлдем жаңа критерийлерді бүткіл мемлекеттік қызмет саласына топтастырамыз. «А» корпусын қалыптастыру - бірінші қадам ғана, ендігі кезекте соның аясында әлемдік озық тәжірибелерді трансформациялай отырып, біз алға қойған мінеттерді атқаратын боламыз», деді Е. Досаев.