Мемлекет ұлттық валютаға қолдау жасайды. Бұл туралы КТК телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
Ұлттық банк төрағасы экономиканы долларсыздандыру мәселесіне тоқтала келе, жоспар басты үш бағытқа негізделгенін, бірінші бағыт - макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету екендігін, екінші бағыт - қолма-қол ақша операцияларын азайтып, көлеңкелі айналымды төмендету, сондай-ақ үшінші бағыт - ұлттық валютаның шетелдік валютаға қарағанда басымдығын көтеру екендігін атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі 17 млн. төлем карточкалары операцияларының 80 пайызы банкоматқа келіп, ақшаны қолма-қол алуға байланысты көрінеді.
«Долларсыздандыру бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл тұрғыда заңнаманы өзгерту, нормативтік-құқықтық актілерге толықтырулар енгізу, қаржылық сауаттылық және басқа да қадамдар қамтылады. Осы жұмыстар іскерлік тәжірибе. Кем дегенде 3-5 жылда осы шаралар жүзеге асырылады. Барша әлемде қолма-қол ақша операцияларымен күрес жүріп жатыр. Мәселен, бізде қолма-қол ақшамен төлемдердің деңгейі 93 пайызды құраса, кейбір еуропалық елдерде қолма-қол ақшамен емес төлемдер 90 пайыздан асырды», - деп тоқталды Қ. Келімбетов.
2017 жылдан бастап Қазақстанда табыстарды жалпылама декларациялау іске қосылатындығын еске салып өткен ол осы орайда сол кезде халықта декларацияланбаған мүлікті немесе қаржыны иемдену мүмкін болмайтындығын атап өтті .
«Бұл тұрғыда мемлекет заңдастыру түрінде жақсы мүмкіндік жасап отыр. Атап айтқанда, ақшамен жұмыс істеуде жаңа мәдениетке көшу үрдісі жүріп жатыр. Яғни, жаңа салықтық мәдениетке, төлемдердің жаңа мәдениетіне бетбұрыс көзделіп отыр», - деді ҰБ басшысы.
Сонымен қатар экономикадағы ынталандыру шараларына тоқталған Келімбетов қазіргі кезде тек теңге бойынша депозиттерге кепілдендіру көлемі 5-тен 10 млн. теңгеге дейін артқандығын атап өтті.
Қазақпарат