Депутат игерілуі баяу қаржыға алаңдайды

Жаңалықтар
23.06.2015, 19:14

Кәсіпкерлерге Ұлттық қордан бөлінген қаражат баяу игерілуде. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбильянов мәлім етті.

«12 маусымдағы жағдай бойынша, «Даму» қоры шеңберінде екінші траншпен бөлінген 50 млрд. теңге шамамен 81 пайызға игерілді. Нақты айтар болсақ, 40 млрд. теңгеге 227 жоба қаржыландырылды. Үшінші траншпен бөлінген 50 млрд. теңгенің тек 18 пайызы игерілген. 9,3 млрд. теңгеге 92 жоба мақұлданыпты. Қазақстанның даму банкі бойынша, 11 маусымдағы жағдайға қарайтын болсақ, екінші траншпен бөлінген 50 млрд. теңге 29,6 пайызға жұмсалды. Үшінші транштың 50 млрд. теңгесі тек 20 пайызға игеріліпті. Бұл факт кәсіпкерлікке бөлінген бюджеттік қаражаттың баяу игеріліп жатқандығын көрсетеді», - деді Н.Сәбильянов бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының бюджеттік қаражаттардың тиімді жұмсалуын қадағалау тақырыбына қатысты отырысында.

Депутат бұл олқылыққа екінші деңгейлі банктердегі қағазбастылықпен түсіндіруге болатынын меңзеп отыр.

«Кәсіпкерлермен кездесу барысында барлық аймақтар бойынша мынадай кемшіліктер анықталды: банктер кәсіпкерлердің өтініштерін тым ұзақ қарастырады, 6 айға дейін жауап келмеуі мүмкін, банктер құжаттардың үлкен көлемін жинауға міндеттеп отыр, несие қайтару уақытының қысқалығы, сұрап отырған қаражатты 50 пайызға дейін кеміту, кепілдікке қойылатын меншікті төмен бағалау және өзге де мәселелер», - деп атап өтті депутат.

Қазақпарат

Сұхбат

PhotoRoom