ДСҰ-ның талабы қандай?

Жаңалықтар
01.07.2015, 10:25

Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова Үкімет отырысында тауарларға кедендік әкімшілік ету аспектілері, ДСҰ мен ЕАЭО талаптарын үйлестіру, экономикалық қызметтің түрлі салаларындағы өтпелі кезеңдердің шарттары туралы баяндады, деп хабарлайды BNews.kz.

«22 маусымда Женевада жұмыс тобының ақырғы отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша Қазақстанның ДСҰ-на мүшелігі шарттарын анықтау бойынша келіссөздерді аяқтау туралы ресми жарияланды»,- деп мәлімдеді Жанар Айтжанова.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінен хабарлағандай, министрдің мәліметінше, келіссөздер төрт бағыт бойынша жүргізілді. Олар – ауыл шаруашылығын қолдау, жүйелік мәселелер, қызмет көрсету және тауарлар нарықтарына қолжетімділік.

«Соңғы 5 жыл бойы жалғасқан келіссөздер нәтижесінде Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құнының 8,5 % көлемінде ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігін сақтап қалды. Ал, негізі ДСҰ елдері үшін стандартты мөлшерлеме 5 %-ды құрайды», - деп баса айтты Ж.Айтжанова.

Аталған қолдау Үкіметке «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл сайын АӨК-ке көмек көрсетуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. «АӨК жалпы өнімінің болашақта өсуі кезінде сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған қолдануға рұқсат етілген мемлекеттік дотацияның көлемі артады», - деп толықтырды Ж.Айтжанова.

Министр сондай-ақ тауарларға кедендік әкімшілік ету аспектілері, ДСҰ мен ЕАЭО талаптарын үйлестіру, экономикалық қызметтің түрлі салаларындағы өтпелі кезеңдердің шарттары туралы баяндады.

Отырыста сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар басшылары сөз сөйледі, олар салалық нормативтерді ДСҰ талаптарына сәйкес келтіру, заңнамалық базаны қалыптастыру бойынша шаралар туралы мәлімдеді.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр Кәрім Мәсімов мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сұхбат

PhotoRoom