Назарбаев Кубаға барады

Жаңалықтар
01.07.2015, 11:16

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Куба елінің Сыртқы істер министрінің орынбасары Рохелио Сиерра Диаспен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен оны одан әрі дамыту болашағын, сондай-ақ биылғы жылдың күзіне жоспарланған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Куба Республикасына ресми сапарына дайындық мәселелерін талқылады.

Е.Ыдырысов Қазақстан мен Кубаның халықаралық ұйымдардың аясында бір-бірінің бастамаларына дәстүрлі түрде өзара қолдау танытып отырғанын атап өтті.

«Бірлескен тығыз өзара ықпалдастықтың нәтижесінде Куба Қазақстан кандидатурасының 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүшелігі, ал Қазақстан - Кубаның 2017-2019 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне қайта сайлану өтініміне қолдау білдіреді», - деп атап өтті министр.

Тараптар сондай-ақ білім, денсаулық сақтау және парламентаралық диалог саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы пікірлер алмасып, оларды қазақстандық-кубалық өзара әрекеттестіктің ең әлеуетті бағыттары деп атап өтті.

Кездесу соңында қазақстандық сыртқы саяси ведомствосының басшысы кубалық тарапқа ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын алу үшін Астана кандидатурасына дауыс бергені және оның жұмысына белсенді қатысу шешімі үшін алғысын білдіріп өтті.

«Біздің ойымызша, бұл көрменің табысты өтуіне елеулі үлесін қосып, жаңғыртылатын энергия көздері және жасыл технологияларды дамыту саласында қазақстандық-кубалық байланыстардың кеңеюіне септігін тигізеді», - деп түйіндеді министр.

Сұхбат

PhotoRoom