Әбдіқалықова Президенттің кітабына қатысты пікір білдірді

Жаңалықтар
01.07.2015, 14:09

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабы қазақстандық патриотизмнің іс жүзіндегі көрнекті оқулығына айналады. Бұл пікірді бүгін елордада аталған туындының тұсаукесер рәсіміне арналған салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова білдірді.

«Бұл кітапта ел президенті жастық шағынан басталған өзінің өсу-өрлеу жолдарын баяндай отырып, Қазақстанның кеңестер кезіндегі ахуалы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын тереңнен қозғалған ой-толғаныстарымен жеткізеді. Аталған шығарманың құндылығы туралы жеке пікірімді айтсам,  Елбасы мен сұхбат алушы арасындағы әдеби шынайы әңгіменің өрбуі,  егемендік шежіресіне қатысты бұрын-соңды естімеген тың деректердің ұсынылуы, «Ұшқан ұя ұлағаты» атты тармақпен басталып, «Нұрлы жолға» ұласуы сияқты өмірбаяндық сұхбаттар тарихи оқиғалармен сабақтастырыла рет-ретімен берілуі, сондай-ақ өзара диалог барысындағы интеллектуалдылық пен қазақтың  шұрайлы тілі оқырманды өзіне тартатын ерекше тұстарының қатарына жатқызуға болады»,-  деді Мемлекеттік хатшы.

Оның атап өтуінше, кітапта Азия мен Еуропаны қатар жайлаған қазақ елінің екі саяси жүйе -  тоталитаризмнан демократияға аяқ басуы, екі экономикалық жүйе -  жоспарлы экономикадан  нарықтық экономикаға көшудегі қиын шақтар жан-жақты айтылады. Әсіресе, Тәуелсіздік басындағы Семей ядролық полигонын жабу, «Байқоңыр» ғарыш айлағының мәртебесін белгілеу, мемлекеттік  шекараны межелеу кезіндегі Елбасының ерекше саяи ерік-жігері мен көреген дипломаттылығы, саңлақ саясаткерлігі сан қырынан ашып көрсетіледі. Кітапты оқи отырып, еларалық  келісімдер мен келіссөздердегі мемлекет басшысының сұңғыла саясаткерлігі мен харизмалық ой-өрісін, мұқалмас қажыр-қайратын шынайы  сезініп, таңданыс және мақтаныш  сезімі кернейді.

«Сондықтан бұл кітапты біріншіден, Президенттің ұлы істері мен ұлағатты өмірі жайындағы толық ғұмырбаяндық шығармалардың бірі ретінде бағалауға болады. Екіншіден, қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің баға жетпес дереккөзі ретінде құнды болып отыр. Үшіншіден, бұл кітап қазақстандық патриотизмнің іс жүзіндегі көрнекті оқулығына айналмақ. Яғни, Елбасының ғибратты ғұмыры айшықталған аталған кітап мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің, ғалымдар мен студенттердің, жалпы жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудыратыны анық», - деді Г.Әбдіқалықова.

Қазақпарат

Сұхбат

PhotoRoom