Қырғызстан Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев екі күн бұрын Қазақстан Парламенті Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа енуін мақұлдайтын заңды тезірек ратификациялайтынына үміттенетінін айтқан болатын. Қырғыз басшысының үміті ақталып, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы заң жобасы мақұлданды.
«2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартты, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарға өзгерістер енгізу туралы хаттама, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдану жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы мақұлданды.
Шарттың талаптарына сәйкес, Қырғыз Республикасы 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа, сондай-ақ Еуразиялық одақтың құқығына кіретін басқа да халықаралық шарттарға қосылады және осы Шарт шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын хаттамалар күшіне енген күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болады.
«Шартқа сәйкес, Қырғыз Республикасы осы шарт күшіне енген күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауарлық номенклатурасын қолданатын болады»,-деді аталмыш мәселе бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Бұл ретте, министр атап өткендей, Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес мемлекеттік шекараның Қырғыз-Қазақстан учаскесі арқылы өтетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылауды жою туралы шешім қабылдаған күннен бастап Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифін қолданады. Мәжіліс аталмыш келісімді ратификациялау туралы осы заң жобасын мақұлдады.