Жаңбыршин кімге ұнамай қалды?

Сараптама
10.07.2015, 09:21

Дүниедегі ең жаман нәрсе көзіңе көрінбейтін дұшпанмен күресу. Алдыңа өзің секілді алшайып келген қарсыласпен ұстасу ердің абыройы екен. Көзге көрінбейтін әлдебір күштің иесімен жау жағаласты Ақтау қаласының әкімдігі бастан кешіргеніне жылдан асып кетті.

Біз мұны жергілікті "Лада" газетінің интернет нұсқасынан сырттай бақылап келеміз. Иесінің қай қиырдан айтақтап отырғанын атынан да аңғаруға болатын бұл апталық газет – Ақтаудағы ақпараттық-жарнамалық бағытты ұстанған медианарықтағы ең белсенді серкелердің бірі. Газеттің о бастағы ұстанымында коммерциялық мүддеден гөрі саяси пиғыл бар екендігін аңдағанбыз. Неден дейсіз ғой? Қаймағы бұзылмаған қазақы қаланың халқына ат төбеліндей азғантай диаспораның тілін тықпалап, осы уақытқа дейін өздерін аға ұлт сезініп келгендердің ақпараттық үстемдігін орнатуға жан-дәрмен тырысып баққан әзәзіл әрекеттерінен! Өңірде барынша ақпараттық ықпалға ие болуға ұмтылған басылымның осы жердегі топ-менеджерлерінің алды облыстық мәслихатқа депутат болып үлгерді. Облыстан оңай орын олжалаған оларға қала не тұрыпты?.. Қалаған жерін алып, құрылысын салып, тендерін ұтып, білгендерін істеуге таптырмайын нағыз майшелпек ол – қаланың бюджеті. Демек, қаланы уысыңда ұстау – мұндай пиғылдағы күштер үшін стратегиялық мәнге ие. Әлгі көзге көрінбейтін күштің иелерін бұдан былай "Х" тобы деп атауға келісіп алайық. Хош, сонымен "Х" тобын алда тосын сый күтіп тұр еді. Ақтау қаласына бұрын ғылыми ортаға аты жақсы таныс, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси жұмыстарды да жатсынып көрмеген, жергілікті қазақ Еділ Жаңбыршин деген кісі әкім болып тағайындалды. Бұрын белгілі бір ЖОО-ның Ақтаудағы филиалын басқарған ол техника ғылымдарының докторы, экология, табиғат қорғау ісінің маманы болатын. Облыстық "Қазақ тілі" қоғамының жетекшісі, "Нұротан" ХДП бірінші орынбасары қызметтерін де абыроймен атқарды. Мемлекеттік қызметте, партия басшылығында жүре тұра, өзінің көзғарастарын, принциптерін қоғамнан жасырмай, айтатын жерін де айтып жүретін тәуекелшілдігін ел сыйлаушы еді. Ақтаудан АЭС салуға ұмтылып, ұлттық компания, министрліктер деңгейінде мәселелерін халық мақұлдамаса да шешіп келіп отырған лобби-күшке де өзінің негізгі мамандығы жылу энергетикасы бойынша, әлемдік экологиялық стандарттар, заң нормаларын түбіжіктеп тұрып түсіндіріп, қарсы тұрған аздың бірі де осы – Жаңбыршин. Қысқасы, бір сөзбен айтқанда айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін салпаңқұлақ әкімдерден шаршаған қала билігіне "мінезді қожайын" келді. Көп ұзамай жаңа әкімнің мінезін көпшілік те байқай бастады. Оны әрине әркім әртүрлі қабылдады. Біреуге жақты, біреуге жақпады. Шындығына келгенде әкім елдің бәріне ұнауға тиісті емес. Дегенмен, Еділ Жаңбыршин әсіресе кімдерге ұнамады және не үшін? Бұл сұраққа оның әкім болып тағайындалғаннан кейінгі шешімдері мен бастамалары біраз жауап беретін сыңайлы.

жанбуршин 1

Ақтау қаласының әкімдігі ең алдымен бұған дейін түрлі жолдармен тиімсіз беріліп кеткен жер телімдерін мемлекеттің иелігіне қайтаруға кірісті. Кейбір істерге төрелік айту Жоғарғы Соттың құзырына дейін жеткеніне қарап, гектарлап алған жер иеленушілердің оңайлықпен қайтарғысы жоқ екендігін ұғуға болады. Әкімдік әупірімдеп жүріп жүздеген гектар жер телімін мемлекет меншігіне қайтарды. Шынтуайтына келгенде бұл әкімнің, биліктің ғана емес, халықтың жеңісі еді! Өйткені қала аумағында халықтың игілігіне қолжетімді тұрғын үй салатын мемлекеттік бағдарламалардың өзіне тоқымдай жер телімі қалмаған кез еді ол. "Х" тобының медиақұрылымы халықтың бұл жеңісіне бірге қуанып, қалалық әкімдіктің әрекетіне бір ауыз жылы сөзін арнай алмады. Жылы сөз түгілі өзінің интернет ресурсында әлгі жер иеленушілерді жақтап, кәсіпкердің хұқы аяққа тапталып жатыр деп көкіді. "Жанбуршин жердің бәрін сатып жіберді..."-деп, әкім болғалы әлі бір жерге шешім шығармаған адамға жала жабуға машықтанған комментшілердің лек-легі пайда болды.

Ақтау – бір кездері халықаралық деңгейде мойындалған өзіндік сәулет қолтаңбасы бар, ерекше қала болатын. Теңіз жағасындағы ақмаржан қаланың соңғы жылдары даму келбеті, тазалығы, сәулет-сымбатына қатысты айтылатын сын аз емес. Шынында да бір иесіз қалған үй секілді азғын-тозғын заманда ыпыны кетіңкіреп қалған кездер болды. Жаңа құрылыс салуда арзан материал, қарабайыр жобалар пайдаланылды. Оның бәрі Ақтаудай арудың жүзіне жағылған кірдей еді. Қаланың дамуына кешенді тұжырыммен келу қажеттігін түсінген жаңа команда біраз зерттеу, ізденулерден кейін өз ойларын ұсынды. Яғни, қаланың дамуы бойынша Бас Жоспар негізінен үш бөліктен тұрады. Әкімшілік-тұрғын үй, өнеркәсіптік және туристік рекреациялық зоналар. Қалалар дамуының әлемдік үлгілерін талдай келе әзірленген Ақтаудың өзіндік даму нұсқасы облыс басшылығы, Үкімет тарапынан қолдауға ие болып, халықаралық қауымдастықтардан да оң бағасын алды. Бірақ, біздің "Х" тобының газеті мен оның сайты бұл ізгіліктерді көргісі де келмеді. Шағын аудандардың ішкі жолдарындағы тесіктерді тізбелеп, кісісі өліп қайғырғандардың қаралы үйін, келін алып, той қылғандардың ақ дәм, адал дастархандарын келеке қылып, суреттерін жариялап, өзге ұлттың салт-дәстүріне, таным-дүниесіне еш төзе алмайтын ксенофоб, шовинистік пиғылдарынан бір танбады.

Қала әкімдігі бұған дейін әбден шиеленіскен қаланың құрылыс, тұрғын үй, коммуналдық саласындағы көптеген мәселелердің күрделі сипат алып кеткендігін жасырмады. Қаланың инженерлік жүйесі 80 пайызға дейін әбден тозығы жетіп ескірген. Күрделі проблемаларға жүйелі шешіммен ғана кірісу керек. Осыны ескере келе, қаланың жылу, су, электр, газбен қамтушы магистралдық жүйелерін кезең-кезеңімен мүлде жаңа сапа, жаңа технологиялармен іске асыруға шешім қабылданды. Қала орналасқан жер бедеріне қарай жылу, су жеткізудің жоғары-төмен жүйесі жасақталды. Соның арқасында қазір қаланың барлық жерінде жылу мен судың келу қысымы бірдеңгейлендірілді. Жаңадан кәріз-тазарту құрылғысының біреуі іске қосылып, екіншісі әзірленуде. 2010-2015 жылдар аралығында осы салаға 17 миллиардтан астам теңге инвестиция тартылыпты. Күннен күнге өсіп баратқан қала құрылысын реттеп, жүйелеудің де механизмдері қолға алынды. Қазірдің өзінде 18 шағын ауданның құрылысы нақты бөлшектеп жоспарланды. Ал, бұл жұмыстар туралы жұмған аузын ашпайтын "Х" тобы қала тұрғындарының игілігіне қайтарылып берілген жер телімін заңсыз пайдаланып отырған әлдебір мейрамхана қожайынының "менің жерімді тартып алды, менің өліміме әкім кінәлі" деп қорқытып-үркіткен заңсыз байбалам-ойбайын от құйып үрлеп, "ұлттық трагедияға" айналдырып бақты. Не үшін? Түсініксіз... Жоқ, түсінікті екен. Түсінбейтін не қалды? Бұл топқа Ақтау қаласының, мүмкін Маңғыстаудың, бәлкім тіпті Қазақстанның өсіп-өркендегені ұнамайды екен ғой... Бұл күшке қарсы келетін адамдар ешқашан ел басқарып, мемлекетіне қызмет етпеуі тиіс екен-ау...жанбуршин 2

"Х" тобының әрекетін көргіңіз келсе "Лада" газетінің сайтына кіріп қалалық әкімдік, оның ішінде қала әкіміне қатысты материалдар, жалпы кез-келген қала туралы материалдардың соңынан шұбырған комменттерді ерінбей оқып шығыңыз. Біз оқып шықтық. Зерделей отырып мынаны аңғардық: Комментарийлер қала әкімі Е.Жаңбыршиннің тек қана кәсіби қызметін сынаумен шектелмейді. Оның отбасы, жеке өмірі, адамгершілік ұстанымдары мен қоғамдық көзғарастарын жүйелі қаралап отырады. Араша түсіп, немесе өзінің обьективті жеке пікірін жазған комменттер көп ұзамай өшіріледі. Бұған қарап комментерге арнайы фильтрация жасаушы жауапты адам бар екендігін байқаймыз. Комментшілер тек қала мэрі емес, облыс әкімі А.Айдарбаевты да, Елбасы Н.Назарбаевты да қарғап-сілеп, мазақтауға тайсалмайды. Өйткені олар өздерінің бұл пікірлеріне ешқандай да жауап бермейтіндігіне толық сенімді. Комментарийлер мазмұнына редакция да жауап бермейтіндігі алдын-ала ескертілген. Тағы бір мән беретін тұсы сайттың тіркелген қолданушыларының көбі орыс аттары және орыс тілділер. Ішінара қазақша аттармен тіркелген аккаунтардың тілдері де негізінен орысша сайрайды. Ең қызығы қала әкімін қаралауға келгенде бірнеше пікірші бір мезгілде, бір мазмұнда, бірдей стильде комменттерін жариялауға кірісетіндігі. Оқып отырып, бір адам бірнеше атпен, бір кеңседе отырып жазғандай әсерде қаласың. Сонда бұл боттар мен троллдердің көздегені не?

Жаңбыршиннің кемшілігін теруден басқаны білмейтін басылымның оқырманы үшін емес, өз елінде, өз жерінде, еркін өмір сүріп отырған азат ойлы азаматтар үшін Еділдің елге қызмет еткендігін еске түйіп жүру үшін де осы мақалаға ниет еттік. Оның қала басшысы ретінде атқарған қаншама іргелі істерін біз бір дүниемізге сиғыза алмаспыз. Бірақ, шындықты біліп жүрген дұрыс. Ол Ақтаудың көптеген күрделі мәселелеріне кешенді түрде кірісіп, қиындықтарын еңсерді. Тесік бітеп, терезе сырлап, арзан көзбояушылықтарға бармады. Неге кіріссе де түптамырынан қаузап, проблеманың табиғатымен, негізімен күресті. "Жемқорлықпен күресіп жүрген екі әкім болса, біреуі – мен" деген сөзі талайдың шымбайына тиді. Бірақ ол – шындық!

P.S: Айтқандай, жақында газет сайтында Ақтау қаласының әкіміне қарсы арнайы петицияның сілтемесі жарияланды. Сілтеме арқылы өткен кез-келген қолданушы қала әкіміне қарсы петицияға қол қояды. Халық пен билікті арандатудың заманауи үлгісін қолданып отырған тасадағы үшінші күштің һәм мүдденің иесі кім? Сіз кімсіз, "Х" мырза?!

Берік Дауенов, Ақтау қаласы

Сұхбат

PhotoRoom