Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына орай, Шығыс Қазақстанда бір емес, қатарынан бірнеше мерекелік шаралар өтпек. Әрбір шара қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ақынның келбеті мен шығармашылығын жаңа қырынан аша түспек. Бұл жайлы сұхбат барысында ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлім етті.
Қазіргі заманғы қазақстандық қоғам үшін халық ағартушысының рухани мұрасын зерттеп, зерделей білудің маңызы зор. Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі «Абай және әлемдік өркениет» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясынан бастау алады. Конференцияға шетелдік жетекші әдебиеттанушылар, философ, тарихшылар, әлеуметтанушылар, тіл мамандары мен Абай шығармаларын әлем тілдеріне тәжімалаған шетелдік аудармашылар қатысады. Мерейтойда Хәкім Абайдың келбеті жаңа қырынан таныла түспек. Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абайы» атты салтанатты шарасы өтеді. Артынша дәл осы театрда көрнекті өнер майталмандарының қатысуымен концерттік бағдарлама жалғасын табады.
Абайдың 170 жылдығында қонақ ретінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, түркітанушылар, ғалымдар, профессорлар және Абай шығармасын аударған шетелдік жазушылар келеді.
Мерекелік шаралар 7-ші тамызда Абай ауданында жалғасады. Ауданында орналасқан этноауыл, мұражай-үйі, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені, «Еңлік-Кебек» ескерткішінде болған шара қонақтары, Мамай батыр ескерткішінің ашылу салтанатында қатысады. Сондай-ақ, бұл күні Қарауылда Қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты, «Жорға жарыс», «Аламан бәйге», «Абай тойының бас палуаны» сынды сайыстар өтетін болады. Жоспарланған іс-шаралар «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты Республикалық ақындар айтысына ұласады. Байрақты бәсекеге еліміздің әр аумағынан келген 12 үздік айтыскер қатысады. Олардың арасында Серікзат Дүйенғазин, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Айбек Қалиев сынды танымал айтыскерлер бақ сынасады.
Облыс басшысы орынбасарының айтуы бойынша, мерейтой ағымдағы жылы өзінің ауқымдылығымен ғана емес, танымдылығымен де ерекшеленеді. Яғни әрбір қонақ Абайдың рухани және шығармашылық дүниесіне сапар шеге алады.
– Абай – біздің дәулетіміз ғана емес. Абайды танумен ондаған жылдар бойы әлем ғалымдары, әдебиеттанушылары мен тіл мамандары айналысып келеді. Еліміздің рухани және мәдени орталығы Семей қаласына әр елдің, діннің, тілдің және ғылым саласының өкілдері жиналады. Олардың әрбіреуі осы қалаға келе отырып, мәдени ескерткішімен, тарихымен танысу мүмкіндігіне ие болып, рухани дүниелерін байыта алады. Оның ішінде Жидебай-Бөрілі жерінде өтетін шараны айтып өтуге болады, – деді Ж. Омар.
Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаған ағартушы. Абайдың артында қазақ халқының алтын қазынасы 170 өлең, 56 аударма, поэма, 40 «Қара сөз» және бүгінгі күні танымал 200-ге жуық әндері мен күйлері қалған.