Мемлекеттік сатып алулар тек электронды құжаттармен жұмыс жасамақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев мәлім етті.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі міндетті электронды құжат айналым бизнесмендерге сатып алу байқауының заңдылығын тексеріп отыруға мүмкіндік береді.
«Жаңа заң жобасында электронды шот-фактураларды, электронды жүкқұжаттарды және орындалған жұмыстардың электронды актіні ұсынуды міндеттеу талабы енгізілді. Бұндай шара келісімшарттың орындалу және жүзеге асу барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Осылайша, келісімшарт бойынша істерді: оның жоспарлауынан толығымен аяқталуына дейінгі үдерісті қадағалауды толығымен автоматтандыруға болады», - деді вице-министр.
Айта кетейік, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алулар туралы заң жобасын жасақтады.
Қазақпарат