Болашағы біртұтас ұлтқа айнала аламыз ба?

Сараптама
30.07.2015, 10:47

Жаһандық сынақтар мен қауіп-қатерлер дүниедегі мемлекеттердің етек-жеңін жинауға, ұлттық қауіпсіздік мәселесін қайта қарауға мәжбүр етіп отыр. Саяси тұрақтылық пен экономикалық өсімге иек артқан елдердің өзінде аталған мәселелер күн тәртібіне шығып отыр. Посткеңестік территорияда туындаған геосаяси шиеленістердің алыс-жақын елдерге ықпалы қаншалықты екені анық байқалып келеді. Осындай жағдайда, Қазақстан да өзіндік иммунитетке иек артып сыртқы қатерлерге төтеп берудің әдіс-тәсілдерін жүзеге асыруды бастады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 5 институционалды реформасын жариялар сәтте «Бес институционалдық реформа Жаһандық сынақтар мен қатерлер тереңдігі сондай, ол мемлекеттің тұрақтылығы мен табыстылығы туралы мәселені күн тәртібіне қояды. Біз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының барлық міндеттерін шешу және «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына қол жеткізу үшін БЕС ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ РЕФОРМАНЫ дәйектілікпен жүргізу барысында өз мемлекетімізді нығайтуымыз керек» деген болатын. [1]

Бес институционалды реформада айтылған бастамалардың қай-қайсысы болмасын, баршаға «бірдей осы заманғы мемлекет» те, «заңның үстемдігі» де, «орнықты экономика» да, «ашық және халыққа есеп беруші мемлекет» те елдің тұрақтылығына, бірлігіне тікелей байланысты. Ал осы реформалардың  тағы бірі – болашағы біртұтас ұлт атты бағыты –  ел бірлігін нығайтудың жаңа жолдарын ашады.

Біз әлемнің көптеген мемлекеттері сияқты көпэтносты бола тұра ұлттық мемлекет құра алған елміз. Ұлттық мемлекет екеніміз – ҚР Конституциясында «Қазақстан Республикасы – президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет» деп анық көрсетілген. [2]

Қазақстан қоғамында да әлемнің бірқатар елдеріндегідей ұлт сөзін екі мағынада қабылдайды. Бірінші топ – азаматтыққа негізделген саяси ұлт, яғни бір елдің тұтас бір халқы. Екінші топ – этноұлт түсінігін жақын қабылдайды. Яғни, шыққан тегіне қарап ұлтқа бөлінеді. Бізге алдымен осы түсінікті бір ізге түсіру шарт. Этникалық қазақтар «қазақстандық ұлт» сөзі қабылдамайды, пікір қайшылығы да осы жерден туындайды. Шын мәнісінде тәуелсіздік алып, ұлттық мемлекет құруға қадам жасаған сәттен бастап біз түріміз, тіліміз, дініміз ұқсас болмағанымен жаны бір халыққа, ұлтқа айналдық. Оны біреу қазақ ұлты дейді, енді бірі қазақстандық ұлт дейді. Екеуі де дұрыс. Де юре қазақ елі болғанымызбен, де факто біздің территориямызда қазақстандық ұлт өмір сүріп жатыр. Іс жүзінде бір елдің халқы – бір ұлт қағидасына жақынбыз. Оның ең басты себебі де бар. Қазақстан халқы бүкіл қоғамдық қатынасты реттейтін, түрлі заңдардың бастауы болатын бір ғана Конституцияға бағынамыз. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтық теңдігіне кепілдік береді Ал Конституция – ұлттың туу туралы куәлігі іспеттес басты құжат.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Президент Н. Назарбаев ел бірлігі, тәуелсіздік, өзара келісім мәселелерін жиі айтып, елдің ең негізгі құндылығына айналдыруға күш салды. «Бірегейлендірудің бірінші деңгейі – біздің азаматтық әрі саяси бірлігіміз деп айтуға болады. Біздің қазақстандықтарда біртұтас саяси құндылықтар бар. Міндет осы құндылықтарды Қазақстан халқының азаматтық санасындағы басты да басым тетікке айналдыру болса керек» деп жазады Елбасы «Тарих толқынында» деген еңбегінде. [3]

Кез келген елдің халқын тілі мен дініне, шығу тегіне қарамай біріктіретін бірнеше фактор бар. Экономикалық мүдде, мәдени консолидация, спорттық жетістіктер және саяси таңдау. Солардың ең негізгісі – экономикалық мүдде. Материалдық жағдай, өзара қарым-қатынастар осыған кіреді. Н. Назарбаевтың «алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидасы тек қана экономикалық тұрғыда пайдалы емес, сондай-ақ бір елдің халқын бір ұлт ретінде ұйыстыруға да ықпал етті деп айтуға толық негіз бар.

Ал мәдени бірегейлікке көшпенділерге тән қазақтың төл мәдениетінің ролі ерекше. Өзге этнос өкілдері шет мемлекеттерге шыққанда қазақ елі мәдениетінің өкілі ретінде қабылданатынып жүр. Әр этностың тілі мен мәдениетін дамытуға мүмкіндік бергенімізбен, олар ең негізгі қазақы мәдени құндылықтарда бірігетінін көрсетіп жүр.

Жыл он екі ай үздіксіз жүретін спорттық жарыстардың, Олимпиада ойындарының елді тұтастандыруға ықпалы зор. Ондай кезде жанкүйерлер саяси көзқарасына, этностық шығу тегіне, діни наным-сеніміне қарамастан біріге түседі. Спорттық жетістіктер кезінде мемлекеттік рәміздерге құрмет артып, ұлттық символдарымыз да елді біріктіре түседі.

Елбасы атап өткендей бірегейленуіміздің бірінші деңгейі – азаматтық саяси бірлігіміз.  Биылғы жылдың 26-сәуір күні кезектен тыс өткен Президенттік сайлаудың қорытындысы халықтың саяси таңдауда да бөлінбейтінін көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері сайлаудан кейінгі брифингте «Кез келген елде президенттік сайлау елдің бірлігін көрсетеді. Қазақстанның тарихи феномены сайлау болып саналады. Ол қазақстандық халықты біріктіреді. Бұл біздің сайлаудың басты қорытындысы, Президенттің басты қорытындысы», - деген еді. [4]

Тәуелсіздік алған жылдары болашағын Қазақстанмен байланыстырмайтын миллиондаған өзге этнос өкілдері тарихи отандарына көшті. Керісінше, қиын сәттерде болашақ өмірін осы елмен байланыстырғысы келген 1 млн шетелдік қазақ атажұртына оралды. Ал Қазақстанды өз үйім деп қабылдайтын өзге этнос өкілдері тағдырға мойынсұнып осы елде қалды. Патшалық және кеңестік кездегі ортақ тарих пен ортақ тағдырды бастан кешіп, алдағы өмірін тек Қазақстанмен ғана байланыстырған өзге этноспен неге біз бір ұлтпыз деп айта алмаймыз? «Біртұтас ұлт болу үшін адамдарға ортақ тарих, ортақ тағдыр тән болуы керек. Олардың қандай этносқа, топқа жататыны маңызды емес» дейді америкалық саясаткер Патрик Бьюкенен. [5]

Ұлт сөзін мемлекет сөзімен синоним ретінде қарастыратын уақыт жетті. Біз тәуелсіздік жарияланған тұстан бері азаматтық саяси ұлт негізінде құрылдық. «Ұлттық мүдде», «ұлттық қауіпсіздік», «ұлттық компания», «ұлттық телеарна» деген ұғымдар тек қазаққа ғана тән дегенді білдірмейді, мемлекеттік, мемлекет халқына тиесілі деген ұғымында қабылданады.

2015 жылдың 29-ы күні Инаугурация кезінде Президенттік билік етуге жаңа мандат алған Нұрсұлтан Назарбаев «халық» сөзін 17 рет, «ел» дегенді 15 мәрте, «мемлекет» ұғымын 14 және «ұлт» сөзін 12 рет атап өтті. Ұлт деген сөзді Мемлекет басшысы бір ғана этносқа қатысты емес, тұтас ел халқы жайлы айтқан кезде қолданды.

«Қазақстандық біртектілік азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Осындай жағдайда біртектілік орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады. Әр азамат елдің табысы оның өзінің де табысы екенін сезінуі тиіс. Қазақтарға мемлекет құраушы ұлт ретінде ерекше жауапкершілік жүктеледі. Қазақтар қазақстандық біртектілікті қалыптастыруға маңызды ықпал жасауы керек. Тілдердің үштұғырлылығын – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамыту – қоғамды топтастырудың, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі» [6].

Болашағы бір біртұтас ұлтқа айналу үшін мынадай ұсыныстар ескерілуі керек сияқты.

Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 институционалды реформаны жария еткен кезде «Мемлекеттің конституциялық акт тақылеттес аса маңызды құжаты ретінде ресімделген Мәңгілік Ел идеясы жалпыазаматтық құндылықтар жүйесі қатарында көрінуі тиіс» дегенді айтқан болатын. Ендеше, тиісті органдар Мәңгілік Ел идеясына заңмен қуат беруді қолға алу керек. Тіпті осы уақытқа дейін тілі мен дініне, этносына қарамай біріктіріп келген ҚР Конституциясында осы Мәңгілік Ел идеясы көрініс тапса артық емес. Керісінше, ұлтты ұйыстыруға қабілетті қуатты идеяға айналады.

Екіншіден, Жиырма жыл қызмет еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы ролі ерекше екені айтылып та, жазылып келеді. Еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органнан Қазақстан халқы Ассмблеясының өкілдері үшін 9 орын берілді. Дәл осындай тәжірибе ұлт құраушы титулды этносы жоқ Сингапурде қолданылған. Бүгінде ол елдің халқы біртұтас ұлтқа айналған. Яғни, тәжірибе сәтті шыққандығын көрсетеді.

Десек те, Халықтың қоғамдық саяси танымы, ұлттық санасы осы аралықта айтарлықтай өзгерді. Ақпараттық тұрғыда жедел дамыған кезеңде кейбір құжаттар мен заңдар өзгерістер мен толықтыруларды қажет етеді. Елбасының 5 институционалды реормасындағы болашағы біртұтас ұлт идеясын жүзеге асыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Стратегиясын қайта қарап, заман ағымына қарай өзгерістер енгізу – уақыт талабы. Әлемдік тәжірибеде ұлт деген атауға жеке конституциясы бар этностарды атайды. Сондықтан біздегі диспораларды барлық жерде «этнос», «диаспора» деп атауды енгізу қажет сияқты. Диаспораларды көзге шұқып, шыққан тегімен атай беретін болсақ, олардың қазақстандық, Мәңгілік Ел идеясы негізігіндегі ұлт болып қалыптасуы ұзаққа созылатын процеске айналады.

Үшіншіден, Астанада биыл сәуірдің 23-і күні өткен «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбындағы  Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бізге Ассамблея қамқорлығымен жалпыұлттық «Үлкен ел - үлкен отбасы» акциясын ұйымдастыру қажет» деді. Бұдан кейін, 5-мамыр күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы идеяны атқарушы билік өкілдерінің есіне қайта салды. Елбасы екі рет атап өткен «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы кең ауқымды болғаны жөн деп есептеймін.

Төртіншіден, ұлтты ұйыстырудың төте жолының бірі – мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін арттыру. Елбасының жалпыұлттық патриотизмді арттыру туралы ұсынысының мағынасы жалпықазақстандық патриотизмді күшейту. Дінде өлім деп жанның денеден шығуын айтады. Ұлт та сондайды басынан кешеді екен. Патриотизм – біртұтас ұлттың жаны. Яғни, патриотизм ғана ұлттың тірі екенін білдіреді. Сондықтан әскери-патриоттық тәрбие жүйесі, азаматтық теңдік, білім мен ғылым культін қалыптастыру, зайырлылықты сақтау сияқты жүйелерге модернизация қажет.

Бесіншіден, Қазақстандағы халықты біріктіруші ең негізгі фактор – ортақ тіл. Мемлекеттік тілдің әлеуеті күшті болғанымен, дәл қазіргі жағдайы ұлтты ұйыстырушы рольге ие бола алмай отыр. Мемлекеттік билік 24 жыл бойы халықты орыс тілі арқылы біріктіріп келді. Ел тұрғындарының жартысы ауылдық жерде тұратынын және демографиялық өсім алыс елді-мекендер есебінен беріліп отырғанын ескерсек, орыс тілі де қоғамды біріктіруші статусынан енді біраз жылда айырылуы мүмкін. Ал, Елбасы қазақ тілі ел халқын біріктіруші күшке айналуы керек дегенді айтқан болатын. Сондықтан, қазақ тілін дамыту жөнінде мемлекеттік деңгейдегі орталық құрылуы шарт. Мемлекеттік тіл ту, елтаңба, әнұран сияқты осы мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі екенін сезіндіретін институционалдық жұмыстар атқарылу қажет.

 

  1. «Егемен Қазақстан», 31.30.2015 (http://egemen.kz/2015/03/31/55017)

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы (2-бап, 1-тармақ)

  1. Нұрсұлтан Назарбаев, «Тарих толқынында» – 190 бет.

  1. http://strategy2050.kz/news/21028/

  1. Патрик Бьюкенен, «На краю гибели», АСТ 2008г.

6. «Егемен Қазақстан», 31.30.2015 (http://egemen.kz/2015/03/31/55017)

Сұхбат

PhotoRoom