Малайзияда Алматы қаласының өтінімі таныстырылды

Жаңалықтар
31.07.2015, 09:48

Куала-Лумпур қаласында Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге Алматы қаласының таныстырылымы өтіп жатыр.

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ағылшын тілінде барлық қатысушыларға сәлем жолдады.

Таныстырылым рәсіміне ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, бокстан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Серік Сәпиев, Шаңғы спортынан Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов, конькиден әлем чемпионы Денис Кузин, Сочидегі қысқы Олимпиаданың жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, танымал волейболшы Сабина Алтынбекова және т.б. қатысты.

Салтанатты рәсімнің соңында сөз алған Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Алматы қаласының таныстырылымы жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, ұйымдастыру комитетіне ризашылығын білдірді.

Еске сала кетейік, әлемдік маңызға ие айтулы спорт додасын өткізу үшін әуел баста әлемнің оншақты елі өз өтініштерін білдірген. Алайда, уақыт өте келе көпшілігі өтінімдерін кері қайтарып алды. Соңында екі қала - Алматы мен Қытай астанасы Бейжің қалалары үміткер ретінде қалды.

Айта кетейік, сағат 09:55-10:55  аралығында  Бейжің қаласының өтінімінің таныстырылымы өтеді. Ал 15:30-16:00 аралығында  ХОК  2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары өтеді деп шешкен астана-қаланы жариялайды.  Шараларды «Kazsport» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.

Сұхбат

PhotoRoom