КӨШ. ЕШТЕН КЕШ...

Сараптама
23.04.2014, 12:55

Ескі де жаңа Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы болып өтті. Портфель иелерінің баяндамалырының ретімен емес, маңыздылығына тоқталар болсақ, атқарушы билікте халықтың көкейінде жүрген мәселенің бірі көші-қон туралы айтылды. Сыртқы келбеті жағынан ең қарапайым министр саналатын Тамара Дүйсенова мәлім және беймәлім статистикаларды жайып салды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, біз армандаған 2050 жылға қарай солтүстік өңірлерде халық саны 900 мыңға дейін азайып, оңтүсітк аймақтарда керісінше халық саны 5 млн 200 мыңға дейін көбейетін көрінеді. Яғни, баланс бұзылады. Тамара ханым осыған байланысты ішкі және шетелден жұмыс күші ретінде тартылатын этникалық миграцияға қатысты көші-қон заңын жетілдіру көзделіп отырғандығын мәлімдеді.

Бұл жаңалық халықты шын қуантты. Әлеуметтік желілердегі «ауа-райы» да күрт өзгерді. Белгілі ақын Ауыт Мұқибекбтің «нағашысына хаты» көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Бұл Қытай мен Қазақстанда өмір сүріп көрген, шекараның арғы бетіндегі қазақтың жағдайын өте жақсы білетін бір ақынның зары ғана емес еді, ең бастысы – халықтың қалауы. Бұл – бір. Екіншіден, геосаяси жағдай айтпасақ та түсінікті боп тұр. Орыстың ақпараттық шабуылы күшейген қазіргі сәтте Үкіметтің оңды шешімін қоғам ризашылықпен қабылдады. Бір сөзбен айтқанда саяси жүйе теориясындағы «талап» - кіріс, «шешім» - шығыс айналымы сәтті жүзеге асты.

 Ауыт Мұқибек, ақын ©Facebook.com Ауыт Мұқибек, ақын ©Facebook.com

Ауыт Мұқибек, ақын:

Бұл бір көптен күткен шешім еді. Көңіліміз бір жайланып қалды. Ашумен де, эмоциямен де айттық, жаздық. Оң шешім қабылдап жатқаннан кейін өкпені ұмытамыз ғой. Көші-қон заңын жетілдірудің мынандай пайдасы бар.

Біріншіден, ұлттық, экономикалық, ақпараттық қауіпсіздің бәрі халықтың санымен өлшенеді. Осы саладағы қауіпсіздігімізді қорғауда ұпайды түгендейтін бір тетік болса, ол – шеттегі қазақтарды тарту.

Екіншіден, біздегі тіл проблемасы сәтті шешімін табады. Әрине, бұл өзге ұлт өкілдерін тұқырту деген сөз емес. Шеттегі қазақтар, әсіресе, Қытайдағы, Моңғолиядағы қандастарымыз ұлтаралық келісімді сақтау мәдениетінің мектебінен өткен. Олар біздегі өзге этностармен тез тіл табысып, біте қайнасып кетеді.

 ҰСЫНЫС

Жетілдірілмек болып отырған көші-қон заңына өзгеріс енгізуші атқарушы билік өкіледірне бір ұсынысым бар. Мына анықтама Қытайдан көшіп келген қандастарымыздың елімізде тұрақты тіркеуде тұру-тұрмауын Қазақстан үкіметі емес, Қытай Елшілігі белгілейді. Осында белгіленген жеті облыстың бірінде қалуың үшін Астана мен Алматыдағы Қытай Елшілігінен мына қызыл "Справканы" алуың керек! Ең қорлығы сол - Қазақстанның қай түкпіріне қоныстан, бәрі бір, "Справка" алу үшін отбасыңдағы кәмелетке толған мүшелерің тегіс өзі келуі керек. Сонымен, байқұс қазақтар бір жапырақ қағаз деп қазақ даласының о шетінен бұ шетіне сабылып жүр!  Мен ҚР Үкіметінен осы анықтаманы талап етуді күшінен қалдыруды сұраймын. Сіздердің мені қолдап, дауыс берулеріңізді үміт етемін!

Ұлағат Тілеуберген

Сұхбат

PhotoRoom