Зейнетақы енді басқаша есептеледі

Жаңалықтар
04.08.2015, 14:12

Мемлекет басшысы зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл заң зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл заңда базалық зейнетақының төлемін тағайындау тәртібін өзгерту қарастырылған. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана тағайындалатын болады. Бұл ретте, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне мыналар қосылады - ынтымақты жүйедегі өтіл (1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілі), сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналар аударылған кезең (зейнетақы жарналары аударылған нақты өтілі).

Егер азаматтың еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе еңбек өтілі мүлде болмаса онда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің (КД) 50 пайызын құрайды.

Базалық зейнетақының мөлшері 10 жылдан артық өтіл үшін жылда 2 пайызға ұлғайтылады, өтілі 35 жыл және одан көп болған жағдайда КД 100 пайызын құрайды (өтілі 20 жыл болса базалық зейнетақының мөлшері - КД 70 пайызын, ал 30 жыл болса КД 90 пайызын құрайды).

Бұл өзгерістер бір жағынан, еңбек өтілі көп болғанымен, табыстары туралы мәліметтердің болмауы себепті төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлерге қатысты әлеуметтік әділдік орнатуға, екінші жағынан, бүгінгі және болашақ қызметкерлер буынын еңбек қатынастарын заңдастыруды ынталандыру үшін мүмкіндік береді.

Бұл норманы іске асыру үшін 2017 жылы 1 шілдеден бастап қазіргі зейнеткерлердің зейнетақы істеріндегі құжаттардың негізінде базалық зейнетақы механизмі өзгертіледі.

Сонымен қатар, бұл заң жұмыс берушінің қосымша 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізуді қарастырады. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын аударған қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауыштың қатысушылары болып есептеледі.

Бұл жарналар азаматтардың меншігі болып саналмайды және әрбір қызметкердің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған шартты зейнетақы шотында тіркелетін болады.

ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдеріне құқық атына шартты зейнетақы шоты ашылып, кемінде 60 айға жарналар аударылған, зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген I және II топтардағы мүгедектерге беріледі.

ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы төленеді және мұраға қалдырылмайды. Зейнетақылардың мөлшері жыл сайын БЖЗҚ экономикалық мүмкіндіктеріне және демографиялық көрсеткіштеріне қарай индекстелетін болады.

Сондай-ақ, бұл заңға сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру толық мемлекеттік қамсыздандыруға ауыстырылатын болады. Олардың зейнетақысының мөлшері қызметтен босатылған кездегі еңбек сіңірген жылдары және ақшалай қамтылымына қарай есептеледі.

Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің ақшалай қамтылымынан 20 пайыз міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша мемлекеттік бюджеттің міндеттемелері жойылатын болады.

Бұдан басқа, олардың пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналарының 50 пайызы бюджеттің кірісіне аударылатын болады.

Сондай-ақ, қызмет атқару жағдайлары бірдей болып, әр түрлі кезеңде запасқа шыққан әлеуетті құрылымдар зейнеткерлерінің зейнетақы мөлшеріндегі диспропорцияларды жою үшін 2016 жылы бұрын толық емес көлемде тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін еңбек сіңірген жылдарына және зейнетақы ісіндегі қызметтен босатылған күніндегі еңбек өтіліне қарай, олардың толық көлеміне жеткізу бойынша біржолғы қайта есептеу іске асырылады.

Бұл шаралар әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыруды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді қамтамасыз етеді және әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің параметрлерін жетілдіру, халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту көзделіп отыр.

Жалпы ұсынылып отырған өзгерістер нәтижесінде азаматтардың зейнетақы төлемдері мынадай бөліктерден тұратын болады: 1) зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын базалық зейнетақы төлемі; 2) 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға Орталықтан төленетін зейнетақы төлемі; 3) БЖЗҚ-дан: қызметкердің жеке 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналары; жұмыс берушінің қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарналары; 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын) (2023 жылдан бастап) есебінен зейнетақы төлемдері; 4) ерікті зейнетақы жинақтары.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіндегілердің айтуынша, тұтастай алғанда, ұсынылып отырған шаралар ауыстыру коэффициентін Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған (40 пайыздан кем емес) деңгейді қамтамасыз етеді және одан әрі сақтай алады.

Сұхбат

PhotoRoom