Өткен айда ғана Президент Нұрсұлтан Назарбаев «әлемнің қазіргі кезде шырт ете қалатындай шетін де күрделі болып бара жатқанын» айтты. Өйткені, саяси «астаң-кестең» мен геострагегиялық тұрақсыздық көп елдерді тұралатып кетті. Айтпағымыз, көршің құзғын пиғыл, көңілің алаң болса болашақты болжау да қиямет. Сондықтан түбі бір, тегі бір түркі елдеріне қазір бірлік пен күшті интеграция аудай қажет. Бүгін бұл орайда Парламенттің игі бір жүрісіне куә болып отырмыз. Сенат «Қазақстан республикасы мен Өзбекстан республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік келісімі туралы» заң жобасын ратификациялады. Бұл – біле білгенге үлкен жетістік. Кезінде «Орталық Азия елдері Одағы» жобасын құруды Н.Назарбаев ұсынғаны еске түседі. Өкініштісі, болмады дұрысы, «болдырмайтындар» дегенін істеді. Былтыр Елбасы Өзбекстанға ресми сапар жасаған болатын. Келісімге сол кезде қол қойылыпты. Бұл құжаттың өзгешелігі – арадағы саяси һәм сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы әріптестікті күшейтудің сыртында «бір-бірімізге қорған боламыз» деген сөз байласу бар. Алла бетін ары қылсын, туыс елдердің Тәуелсіздігіне көз алартып, өңірлік тұтастығына қауіп төнетіндей болса екі ел қарап қалмайды, көмекке дайын тұрады. Келісімнің құндылығы осы. Орта Азиядағы екі мықты елдің бірігуі, бір-бірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болуы үлкен жетістік деп бағалауға лайық. Өйткені, империялық пиғылын ашық көрсете бастаған солтүстік көршіміздің арсыздығынан сақтанған ғана құтылады, біріккен ғана ұтады.
Кеден Одағына дейін Ресей мен Белрорусь одақтас мемлекет болғанын жақсы білеміз. Славяндардың бұл қадамы интеграцияға әкелді. Қазақ-өзбек достығы да осындай деңгейге көтеріліп жатса игі...
Тоныкөк