«Жасыл экономика» туралы заң жобасы әзірленуде

Жаңалықтар
05.05.2014, 11:14

Күзде Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу мәселесі туралы заң жобасы Парламентке енгізілмек.

«ҚР «жасыл экономикаға» көшу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын 2014 жылдың қыркүйегінде Парламент қарауына беру жоспары туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі кезеңде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Қоршаған орта және су ресурстары министрлігімен бірлесіп, осы айтылған мерзімде заң жобасын Парламент қарауына жібермек. Министрліктің айтуынша, ҚР Президентінің 2013 жылдың 30 мамырдағы №577 Жарлығы бойынша, Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бекітілді.

«Қазіргі таңда заң жобасы жұмыс тобы мен халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын есепке алу арқылы құрылып отыр. Жақын аралықта айтылған заң жобасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің сайттарындағы әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық талқылауға жіберіледі» делінеді ақпаратта.

Баспасөз қызметі атап көрсеткендей, жаңа заң жобасы «жасыл экономика» ұстанымын табысты енгізу үшін қолайлы негіз қалыптастыру мақсатында еліміздегі әрекет етудегі заңнаманы жетілдіруге бағытталып отыр. Ол мына бағыттар бойынша жүзеге аспақ: су ресурстарын, қалдықтарды тиімді басқару, электрэнергетикасын дамыту, экожүйені сақтау мен тиімді басқару және ауаны ластау деңгейін азайту.

Бүгінде заң жобасы бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сарапшылар, Еуропалық қайта құру және даму банкі кеңесшілерінен құралған жұмыс тобы заң жобасын әзірлеу үстінде.

Сұхбат

PhotoRoom