1 тамызда Петропавлда #Talks2050: «Аймақтың дамуы туралы айтамыз» форумы өтті.#Talks2050 – TED конференциясы форматындағы бейресми форум. Ұйымдастырушылар: «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы, ҚР мәдениет және спорт министрлігі, Самұрық-Қазына ҰӘҚ қолдауымен. Биылғы алғашқы #Talks2050 форумы Атырау және Астана қалаларында өтті. Барлығы Атырау, Астана, Петропавл, Шымкент, Өскеменде 5 форум жоспарланған.
Осы жолы бұқара назарына ұсынылатын тақырып аясы әдеттегіден де ауқымды болды. Солтүстік аймақтың келешегі қандай болмақ? Өңірдің келбеті ондаған жылдан соң қалай өзгермек? Солтүстік Қазақстанның зияткерлік әлеуеті қандай және оны дамыту жолында қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр ? Өңірдегі шағын және орта бизнестің ахуалы қандай? Облыс орталығының 21 ғасырдағы кейпі қалай өзгермек? Сөз алған спикерлер осы бағытта жеке пікір, көзқарастарын өрбітті.
«Спикер ретінде біз өңірдің дамуына тікелей қатысы бар, өз өмірін Солтүстік Қазақстан облысының келбетін қалыптастыруға арнаған адамдарды шақырдық. Олар сәулетшілер, экономистер, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйым көшбасшылары, кәсіпкерлер мен өзге де белсенді Петропавл тұрғындары. Олардың әрқайсының алдында көрерменге қызықты тәсіл арқылы Қызылжар өңірінде сапалы өмір сүрудің стратегиясы туралы жеке тәжірибесімен бөлісу міндеті тұрды, - деді форумда «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры Қанат Әуесбай.
Форум аясында 10 спикердің әрқайсысы 10-12 минуттан сөз алды. Яки, шамамен 2 сағат аясында форум қатысушылары әр саланың кәнігі мамандарының аузынан экономика, бизнес, педагогика, мәдениет саласы тұрғысынан көзқарастары мен болжамдарын тыңдай алады. Іс-шараға 200-ден астам адам қатысты.