Ақордада бизнес-қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан кеңес барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валюта бағамының төмендеуін пайдаланып, тауар, әсіресе, азық-түлік бағасын негізсіз қымбаттатқандар қатаң жазаланатынын ескертті.
«Біз әкімдерді және саудамен айналысатындардың барлығына ескерттік: баға қымбаттамауы керек, әсіресе, азық-түлік құны қымбаттамауы тиіс. Азық-түлік Қазақстанда өндіріледі, сондықтан тауар бағасы көтерілмеуі қажет. Бағаны қымбаттатқандарды ұстап, қатаң жазалаймыз», - деп мәлім етті Президент.
Мемлекет басшысы Үкімет бағаның қымбаттамауын қатаң бақылайтынын атап өтті.
Айта кетейік, бүгіннен бастап Қазақстан теңге бағамының еркін айналымына көшті. Яғни, Ұлттық банк енді теңгенің бағасын қадағаламайды, нарық валюта бағамын өзі белгілейді.
Үкімет пен Ұлттық банк жаңа ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға кіріседі. Сондай-ақ жуық арада Үкімет шұғыл іс-шаралар жоспарын қабылдайды.