Дағдарыстан қалай шығамыз?

Сараптама
21.08.2015, 10:05

20-тамыздан бастап теңге еркін айырбас бағамына көшті. Бұл дегеніміз енді теңгенің құнын ұлттық банк емес, нарық реттейтін болады. Қазақстан  қор биржасы сессиясының соңғы мәліметі бойынша 1 доллардың құны 255, 26 теңге. Экономикалық дағдарыстың елге келгені Елбасыдан бастап, үкімет басшысы қостап, барлық министрлер мен Ұлттық банк төрағасы растап отыр.

Дей тұрғанымен, бұл дағдарыс тек Қазақстанға ғана тиесілі емес. Күні кеше Финляндия президенті Саули Ниинистё елінің 2007 жылдан бері экономикалық жағдайы түзелмей, бүгінде ұзақ мерзімді дағдарысты бастан кешіріп жатқаның ресми мәлімдеген еді. Одан бөлек, осыдан бірер апта бұрын көрші Қытай мемлекетінің юаны девальвацияға ұшырап, әлемді шулатқаны көбіне мәлім. Ал, Ресей мемлекетінің рублі бірнеше кезеңмен құлдырап, сол елден арзан көлік пен дүние-мүлік жапа тармағай ала бастағанымызды ел біледі.

Премьер-министр журналистерге берген  сұхбатында «бүгінде әлемнің басым мемлекеттері дағдарысқа ұшырады, бірақ барлығы емес. Қай ел адами капитал мен жаңа технологияларға басымдық беріп, шикізат нарығына тәуелді болмады, міне олардың экономикасы да тұрақты» деп атап өтті.

Адами капитал, білімді жастар мен жаңаша ойлайтын кадрлар елді кемел келешекке жетелейтінін Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ білді. Сол себепті де, Халықаралық  «Болашақ»  бағдарламасын да ашқан болатын. Бірақ, бұл жол ұзақ мерзімді инвестицияны, көп уақытты қажет ететін жоба еді. «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ біраз жыл басқарған Саясат Нұрбек бір сұхбатында «...Бағдарлама бойынша ең көп оқуға кете бастаған кезең 2005-2010 жылдар аралығы болды. Олардың басы міне енді бітіріп, елге  келіп, билік басынан көріне бастады. Жеке секторларды басқарып, еңбек нәтижесін көрсетуде. Осы болашақтықтарға 10 жыл уақыт бере тұрындаршы, ертең ел тізгінің ұстайтын да, жаңаша ойлап, жаңаша басқаратын да осылар болады» деп құнды ойын ортаға салған еді. Сингапур секілді адами капиталға негізделген экономикамыз әлі қаланып келеді. Ал, әзірге біз доллар мен мұнайдың «қабағына қараған» ел болып тұрмыз.

Міне бүгінгі дағдарыста осы мұнай бағасының түсіп, доллар құнының көтерілгенімен тікелей байланысты. Ауылдағы ағайын, жалпы жамағат доллар бағасы ауытқыса, маза қашатының жақсы біледі. Бірақ, бұл механизм қалай жұмыс жасайтынын аса түсіне бермейді. Қазақстанның басты шет елге шығаратын тауары ол – мұнай шикізаты. Бүгінгі күнге дейін осы сала экономикамыздың басты локомотиві болған. Ал, қазір Нью-Йорк тауар биржасында соңғы алты жылда болмаған мұнай бағасының құлдырауын көруге болады. Қара алтынның бір барелі – 46, 9 долларға бағаланып отыр. Кәрім Мәсімов мырза 20 тамызда сөйлеген сөзінде «...Әзірге экономиканы тұрақтандыру мәселесі бойынша Ұлттық қордан қаражат жұмсамаймыз. Себебі, қиын кезеңдер алда. Біздің қолымызда  мұнайдың 1 барелі 40 долларға жеткен күнге де арналған сценариіміз бар» деп мәлімдеген еді. Бізде оптимист болғымыз келеді, бірақ талай жыл «мұнай бизнесінен» тысқары қалған Иранның санкция бұзып, қолжетімді бағамен қара алтынды экспорттауға бел буып отырғанын ескерсек, мұнай  құнының алдағы уақытта көтерілуіне сену қиындау. Бұны билік басындағылар да жақсы біліп отыр. Сол себепті де, Елбасы отандық бизнесті дамыту, өз шикізатымызды өндіру, өз тауарымызды қолдану сынды басым бағыттарға ерекше назар аударуда.

Экономист –сарапшы, Экономика институты филиалының директоры Жангелді Шымшықов дағдарыстан шығудың екі ғана жолы бар дейді:

93e93b041aa869b9fe18f273bb44699b

«Бірі – теңгенің қоғамдағы рөлін өсіру, екіншісі – сыртқа өз өнімімізді экспортқа шығару. Бірінші мәселеге келсек, екінші деңгейлі банктер несиелендіруді тек ұлттық валютада жүргізу керек және депозиттерді де теңгемен ашу қажет. Бірақ, мойындау керек біздің халық сонау 1993 жылы барлық жиған тергенің жоғалтқаннан соң, әлі де теңгеге «қорқақтай» қарайды. Себебі, одан кейін де бірнеше рет дағдарыс болды. Сонда да доллар ұстаған ұтып, қалғаны доллармен бірге көтерілген несиесін жабумен қиналған еді. Міне, ең алдымен біз халықтың теңгеге деген сенімін оятуымыз керек.

Екінші мәселе, қазір Елбасының өзі ауылшаруашылық өнімдеріне аса мән беріп жатыр ғой. Жеңілдіктер, субсидиялар қарастырамыз деп. Міне, бізді кризистен бірден-бір алып шығатын осы салалар. Ертең біз сол ауылшаруашылық я болмаса өзге отандық өнімді сыртқа экспортқа шығарсақ, мына шарықтап тұрған доллар құнымен біздің қазынаға қаражат құйылар еді. Осылай ғана, экономика түзеліп, доллар түсіп, теңге құны өседі. Ал, қазіргі жағдайда мен тек доллардың прогрессиясын ғана көріп тұрмын».

Дағдарыс дегенде халықтың барлығы қымбатшылықтан қорқатыны аян. Бірақ, бүгінгі жағдай бұрынғыдан өзгерек. Себебі, Еуразия Экономикалық Одағының мүшесі ретінде біздің нарық Қырғызстан, Қытай, Ресейден арзан тамақ, киім, жалпы қажетті өнімдерді алады деп күтілуде. Бір қарағанда, бұл жақсы да секілді. Бірақ, қазірдің өзінде Ресейдің арзан жұмыртқаларына отандық құс фабрикалары бәсекелесе алмай, тауықтарын таратып, жабылып жатқанын ескерсек, мәселенің екінші шеті де шыға келеді. Қазіргі ұлт алдындағы басты мақсат – дедолларизация үрдісіне көшу. Яғни, доллардан, өзге де шет елдік валютадан тәуелсіз болып, өз теңгемізді өсіріп, ішкі нарықтың қайта қалпына келуіне үлес қосу. Ол үшін, қанша пафосты естілгенімен расында «патриот, ұлтжанды» болу, қазір әр азаматтың борышы сынды. Отандық киімді таңдап, өнімді  ішіп-жеп, Қазақстандық көлікте жүріп, ақшамызды теңге де сақтасақ, қиналамыз деген дағдарыстан, керісінше ұтып шығар едік. Мойындаңызшы, ерте ме кеш пе біз мұнайға тәуелсіз, доллардың өскеніне аландамайтын ел, ұлт болуымыз қажет еді ғой?! Мүмкін, сол тарихи кезең бүгін келген болар...

Жанар Көбекбай

Сұхбат

PhotoRoom